Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Тұрсыннан тәлім алған Тимур: Құлыбаев халықпен ашық сөйлесуге бел буды

54



Тимур Құлыбаев жақын күндері әлемжеліде жеке аккаунт ашып, белсенді бола бастайды. Бұл туралы Әшкере элита ішіндегі саяси коммуникациямен айналысатын беделді инсайдерге сүйене отырып хабарлады.

Құлыбаев осы күнге дейін қоғаммен ашық дидарласқан емес. Өз позициясын үнемі өзіне бағынышты медиа құрылымдар арқылы білдіретін.

Алайда кейінгі кезде Тимур мұндай коммуникацияның дәуірі өткенін түсіне бастаған.



Бұған түнеукүнгі кәсіпкер Алакөзовтың бастамасы түрткі болыпты-мыс. "Баянның байы" жанында ұзақ жыл еңбек еткен коллективіне 100 пәтер сыйлағанда, жұрт оған шынайы қолдау білдіріп, ілтипат танытқан еді.

Құлыбаев одан он есе көп қайырымдылық жасаса да, халық бұған күмәнмен қарайды. Бұған оның имиджі тосқауыл болып тұр. Ашық коммуникацияның жоқтығынан "күйеубаланың" Жаңа Қазақстанның алдындағы еңбегі еленбеуде.

Тимур пен оның айналасы ақпараттық алаңда көп нәрседен ұтылғанын түсіне бастаған. Бизнес пен саясатта халықтың көңіл-күйі мен қоғамдық пікірге әсер ету маңызды.

Бұған көзі жеткен Құлыбаев алдағы уақытта елмен ашық коммуникацияға көшеді. Қазірдің өзінде бұған қатысты дайындық жұмысы басталып кеткен. Тимурдың жеке аккаунты арқылы оның күнделікті өмірі, бизнесі, қоғамдық жобалары, қайырымдылық бастамалары кеңінен насихатталмақ.



Шешім оңай қабылданған жоқ. Құлыбаев үшін әлемжеліге шығу үлкен стресс. "Күйеубала" өзінің өткен өміріне, бизнес империясына, капиталына қатысты халық тарапынан қойылатын ыңғайсыз сауалға ашық жауап беруге дайын болуы тиіс.

Жұрт алдына шығу арқылы Тимур "ескі Қазақстаннан" іргесін аулақ салуға, қоғам алдындағы жабық, түсініксіз, күмәнді имижінен арылуға тырыспақ.

Мына бір жайтты да ескеру керек. Құлыбаев әлемжеліге шыққан жағдайда, оның аккаунты кәсіби түрде жүргізіліп, медиамамандардың қатаң бақылауында болады. Әрбір сөз, әрбір жазба алдын ала жоспарланып, сүзгіден өтеді.

Бұл ақпараттың қаншалықты расталатынын жақын күндері көре жатармыз. Бір нәрсе анық: Құлыбаев үшін бұдан өзге жол қалған жоқ...