Мадуро кінәсін мойындамады

52

Munarmedia 06.01.2025 /Астана/ Венесуэла президенті Николас Мадуро Нью-Йорк қаласындағы сотта өткен ісі бойынша алғашқы тыңдауда өзіне тағылған айыптардың бірде-бірін мойындамады. Бұл туралы ЭФЭ агенттігіне сілтеме жасап Interfax.ru хабарлады.

Fox News телеарнасының мәліметінше, Мадуро сотта аудармашы арқылы сөйлеп, өзін кінәсіз деп таныстырған.
– Мен кінәлі емеспін. Мен – адал адаммын, өз елімнің президентімін, – деген ол.

Сонымен қатар Николас Мадуро өзін айыпталушы емес, соғыс тұтқыны ретінде санайтынын мәлімдеген.
– Мен Венесуэланың президентімін және өзімді соғыс тұтқыны деп есептеймін. Мені Каракастағы өз үйімде тұтқындады, – деді ол.

ЭФЭ агенттігінің хабарлауынша, Мадуроның жұбайы Силия Флорес те өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.

Алғашқы сот тыңдауы шамамен жарты сағатқа ғана созылған. Fox News дерегіне сәйкес, округтік судья Элвин Хеллерштейн Мадуро мен Флоресті келесі сот отырысына дейін қамауда ұстау жөнінде шешім қабылдаған. Келесі тыңдау 17 наурызға жоспарланған.

АҚШ билігі Николас Мадуро мен оның жұбайын есірткі саудасына қатысты бірқатар ауыр қылмыстар жасады деп айыптауда. Америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, сот оларды бірнеше мәрте өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесуі мүмкін.

Осы ретте ЭФЭ агенттігі Венесуэлада саяси билікке қатысты тағы бір маңызды жаңалықты хабарлады. Дүйсенбі күні Делси Родригес елдің уақытша президенті ретінде ант қабылдады. Бұған дейін ол Венесуэланың вице-президенті қызметін атқарған.