«Қазақстан дамуды тоқтатпайды. Біз әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартуды басты мақсат етеміз», — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі сұхбатында. Бұл сөздер тек ресми мәлімдеме емес, елдің келешек дамуы мен азаматтардың әл-ауқатына нақты бағдарлама іспеттес.
Экономикалық өсім мен әлеуметтік теңдік — сұхбаттың басты тақырыптары болды десек артық айтпағанымыз. «Орта табыс деңгейін көтеру — біздің негізгі міндетіміз. ЖІӨ бір адамға шаққанда өссе де, бұл әр азаматқа тең мүмкіндік әкелмесе, ештеңе шешілмейді», — деді Президент. Бұл сөздер экономикалық көрсеткіштердің артында тұрған адамдарға мән беретінін көрсетеді.
Инфрақұрылым мен туризмнің дамуы — елдің стратегиялық бағыты. Жүздеген шақырым жол жөнделіп, транзиттік әлеует артты. Туризм тек көңіл көтеру емес, ұлттық бренд қалыптастыратын драйверге айналуда. Сонымен қатар, цифрландыру мен жасанды интеллект — елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізгі кілті екенін президент сұхбат барысында тілге тиек етті.
Ал, әлеуметтік мәселелерге тоқталғанда Мемлекет басшысы, әсіресе әскери саладағы қауіпсіздікке мән берді. «Әскердегі қайғылы оқиғалар мен өлім-жітім әрдайым бақылауымда. Біз азаматтардың қауіпсіздігін басты назарда ұстаймыз», — деді ол. Бұл сөздер қоғам алдындағы жауапкершілікті, азаматтық қауіпсіздікті қалай бағалайтынының айқын көрсеткіші десекте болады.
Бұл сұхбат — жыл басындағы ресми мәлімдемеден гөрі, елге бағытталған стратегиялық бағдарлама. Мұнда көрсетілген экономикалық цифрлар, инфрақұрылымдық жоспарлар, цифрлық бастамалар мен әлеуметтік бақылаулар — барлығы нақты іс-қимылға бағытталған. Қазақстанның жаңа жылдағы саяси бейнесі мен даму жоспарының айқын көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, нақты іс-қимыл мен жауапкершілік — бұл сұхбаттың басты философиясы.