Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Мәскеу князьдігі Жошы ұлысының арқасында құрылған — тарихшы

37
Жошы — Шыңғыс ханның тұңғышы. Шыңғыс хан империясының құрылуына үлкен үлес қосқан тұлға. Қытайға, батыс Дешті Қыпшақ даласына, Хорезмшах мемлекетіне жорықтарға қатысып, даңқты қолбасшы, мықты стратег екенін көрсетті. Сондықтан Шыңғыс хан оны өз мұрагері ретінде қарастырып, оның қол астына үлкен аумақ берілген деген пікір бар. Жошы ұлысы кейінгі дереккөздерде Алтын Орда деген атпен белгілі болған, — деді ол. Нұрлан Атығаев Жошы ұлысының тарихтағы алатын орны ауқымды екенін айта отырып, Мәскеу князьдігінің пайда болуына оның тікелей қатысы бар екенін атап өтті. — Жошы ұлысы Ертіс пен Дунай арасындағы халықтарды біріктірді. Дәл осы Алтын Орданың ішінде этникалық топтар бірігіп, ол бүгінгі ұлттардың қалыптасуына әкелді. Алтын Орда бөлінген кезде Қазақ хандығы қалыптасты. Сондықтан біз — Жошы ұлысының мұрагерлерінің біріміз. Одан бөлек Қазан, Қырым, Астрахан, Сібір хандықтары пайда болды. Сондай-ақ бүгінгі Ресейдің түп тамыры саналатын Мәскеу князьдігі де Жошы ұлысының арқасында құрылды. Сондықтан Алтын орданың тарихтағы орны өте ауқымды әрі маңызды деп айта аламыз. Жошыдан басталған ұлыс кейінгі Меңгу темір кезінде өз тәуелсіздігін жариялап, өз ақшасын соғып, дербес экономикалық саясат жүргізе бастады. Алтын орда Еуразияның бүкіл орталығын алып жатқандықтан батыс пен шығысты экономикалық және саяси байланыстырып отырды. Шығыс Еуропадағы кейбір мемлекеттердің құрылуына тікелей әсер етті, — деді тарихшы. Сондай-ақ ол бұл тақырыптың әлі де зерттеуді қажет ететінін және орта ғасыр тарихын зерттейтін мамандардың аз екенін айтты. — Алтын Орданың тарихы бірнеше ғасыр бойы зерттеліп келе жатыр. Мұндағы басты мәселе — деректердің кем болуында және олардың көбі араб, парсы, қытай тілдерінде жазылуы. Бұл тұрғыдан Қазақстанда үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, «Мәдени мұра», «Архив 2025» мемлекеттік бағдарламалары аясында Қазақстан тарихы, оның ішінде Жошы ұлысы туралы құнды деректер жиналып, олар аударылып жатыр. Дегенмен, әлі де ресейлік әріптестерімізден кішкене қалып келе жатқанымызды мойындау керек. Себебі бізде орта ғасырдың тарихымен айналысатын мамандар аз. Мұндай зерттеумен айналысатын адамдар араб және өзге тілдегі дереккөздерді оқып, дұрыс аудара білуі қажет, — деді Нұрлан Атығаев.