Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Жошы хан үш ананың тәрбиесін алған

43
Деректерде, Қият ішіндегі Боржіген руының батыры Есугей 9 жасар ұлы Теміршіні (болашақ Шыңғыс хан) Қоңырат еліне ертіп барып, ежелгі түркілер дәстүрі бойынша Бөртеге құда түсіп қайтады. Көп ұзамай Есугей қайтыс болып, Темірші жетім қалып, жастайынан көп қиыншылықты басынан өткізеді. Ол ер жеткеннен кейін ғана, шамамен 1178 жылы дала заңы, көшпенділер дәстүрі бойынша, атастырған жары Бөртені іздеп барып, алып қайтады. Бөртеге үйленгеннен кейін арада көп өтпей, меркіттер шабуыл жасап, Бөртені тұтқындап алып кетеді. Кейін Шыңғыс хан Керей хандығының билеушісі Тоғырыл ханның көмегімен Бөртені тұтқыннан босатып, қайтарып алады. Осыған оқиғаға байланысты ел арасында «Жошы – Шыңғыс ханның баласы емес» деген сөз тараған. Бірақ Шыңғыс хан өмір бойы Бөртеге де, Жошыға да құрметпен қараған. Бөрте – Қоңырат тайпасының көсемі Дай-шешеннің қызы. Моңғол императорының өмірінде маңызды рөл атқарған әйел. Шынайы есімі – Бөрте-фүджин немесе Бөрте-үджин. Моңғол тілінен аударғанда «ханым» деген мағынаны білдіреді. Шыңғысхан күрделі, шешуші сәттерде Бөртенің ақылына құлақ асқан. Темучин жастық шағында алғаш моңғол тайпалары бірлікке ұмтылған кезде Бөрте моңғол қолбасшысы Жамұқадан бөлініп шығуды ұсынады. Шыңғысхан әйелінің тілін алып, өз өмірін өлімнен арашалаған. Тарихи деректерде, Бөртенің парасаттылығы мен ақылдылығы жас Темучиннің ұлы моңғол императоры Шыңғысханға айналуына зор әсер еткені айтылады. Бөрте ханымнан туған төрт ұл – Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле ұлы қағанның атының тұяғы жетіп жаулаған дала мен ұлыстарға мұрагерлік етіп, билік құрды. Шыңғыс ханға сүйікті жар, өзінен туған төрт ханға қадірлі ана болған Бөрте ханымның қасиет-қадірі ерекше. Сондықтан да оның есімі тарихта алтын әріппен жазылды. «Жошы хан» тарихи романының авторы, жазушы Ұларбек Дәлейұлы Бөрте ханым Шыңғыс қағанның сенімді серігі әрі дана кеңесшісі бола білген өте кемеңгер, тәрбиелі адам болғанын айтады.«Жошының балалық шағы қым-қиғаш күрделі заманға тура келді. Анасы Бөртенің жастайынан алған тәрбиесі, кемеңгерлігі жоғары болды. Қоңырат тайпасы сол заманда көп шапқыншылық көрмеген, тыныш жатқан ел еді. Әкесі Дай-шешеннің ордасында ел арасындағы ақылман тұлғалар көп жиналатын болған. Ордада Таңғұттың, Шүршіттердің (Қытай алтын патшалығының) оқымыстылары қызмет еткен. Бөрте сол кісілерден сабақ алған, көзі ашық білімді адам болған. Жошы сондай білімді ананың тәрбиесімен ер жетті», - дейді Ұларбек Дәлейұлы. Жазушы сондай-ақ Жошы ханның өз анасынан бөлек, әжесінің Өэлүн үжиннің және Шыңғысханның қарындасы Темулуннің тәрбиесінде өскендігін айтады. «Жошы хан жалпы үш ананың тәрбиесін алды деп айтуға болады. Оның батырлығынан тыс мінезіндегі жұмсақтығы мен қайырымдылығы осы аналардан дарыған болуы мүмкін. Жошының әжесі, Шыңғыс ханның анасы көпті көрген, ақылына көркі сай, жігерлі де қайратты, қабілетті адам болған. Оэлуннің «Мерген» деген лақап атқа ие болғандығы да тегін болмаса керек. Сонымен бірге Темучиннің қарындасы Темулун мықты жауынгер, садақшы, мерген болған. Ол Жошыны кішкене кезінен жауынгерлікке баулыды. Міне, осы үш анадан Жошы ақыл-парасатты, батырлықты сіңіріп өсті. Сол тәрбиенің әсерінен болар, Жошы Шыңғыс ханның басқа ұлдарына қарағанда мейірімді келеді. Шапқан қалаларында көп адам өлтіруге қарсы болады. Мүмкіндігінше елші жіберіп, қан төгіссіз берілуге шақырады», - дейді жазушы. Жазушы Жошы өмір сүрген заман соғысқа толы, қантөгіске толы сондай зұлмат заман болса да, оның бойындағы қайырымдылық, мейірімділік әрбір жерде көрініс беретінін айтады. «Жошы ат жалын тартып мінгеннен кейін, 20 жасында, яғни 1202 жылы Шыңғыс хан татарларға шабуыл жасайды. Шағатай, Үгедей бастаған сарбаздар қолға түскен татарларды кәрі-жас демей қырып, қалғанын тұтқындап, айдап алып келеді. Ал, Жошы бастаған қол өзі басып алған ауылдарындағы жараланған жасақ, кәрі-жастарына кеңдік танытып, тұтқындамай, өлтірмей босатып жібереді. Шапқан ауылдардан көп олжа да алмайды. Осы оқиғадан кейін Шыңғысхан Жошыны 4 жыл бойы жорықтан шеттетіп, соғысқа шығармай қояды. 1207 жылы Шыңғыс хан Жошыны Байқалдың батысындағы жерді жаулап алуға жібереді. Бұл соғыстарда да Жошы қырып-жоюға, сондай бір қатыгездікке бармайды. Онда тұратын орман тайпалары – телеуіттар, ұрсұттар моңғол қолбасшысына соғыспай беріледі. Тайпа ақсақалдарды келсімге келіп, сыйлыққа ақбоз аттар, бұлғындар және қыр сұңқарларын береді. Тұңғышының әскери дарынына, жорық нәтижесіне риза болған Шыңғыс хан Жошыға өзі жаулап алған жерлерді билеуге береді. Дәл осы аумақтарда Жошы ұлысы – Алтын Орданың негізі қаланды», - дейді Ұларбек Дәлейұлы. Жошы жас кезінен көрнекті қолбасшы ретінде көзге түсті. Ол, 1211-1215 жылдары Қытайды жаулау жорығына қатысады. Содан үш жыл өткен соң, 1218 жылы Жошы жасағы Шыңғыс ханға бағынғысы келмеген меркіттерді қуа отырып, Ырғыз өзенінің бойында Хорезм шаһы Мухаммедтің алпыс мың әскерімен шайқасады. Өз әскерлерінің аз болуына қарамастан, Жошы қолбасшылық қабілетінің арқасында Хорезм шах әскерін шайқаста жеңіп, өз дегеніне жетеді. Осы шайқастан кейін Мухаммед шаһ әскерлері Жошыға қарсы соғысудан бас тартады. Ал Жошы Жетісудағы барлық қаланы өзіне бағындырды. Жошы хан 1220-1222 жылдар аралығында Сырдария бойындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Жанкент тағы басқа қалаларды бағындырды. Осылайша ол Хорезм мемлекетін толығымен жаулап алды. Шыңғыс хан 1223 жылы Құланбасы жазығында үлкен құрылтай ұйымдастырды. Осы құрылтайда Шыңғыс хан көзінің тірісінде жаулап алған ұланғайыр даланы әйелі Бөртеден туған төрт ұлына бөліп береді. Жошының еншісіне Ертістен батысқа қарай, Жетісудың теріскей бөлігін қамти отырып, төменгі Еділ бойына дейінгі жерді қоса, бүкіл Дешті Қыпшақ аймағы тиеді. Ордасы Ертіс өзені бойында орналасты. «Жошы ұлысының негізі – бұрын Дешті Қыпшаққа кірген түркі тілдес тайпалар. Жошы ұлысы – деген біз. Біз Жошы хан құрған мемлекеттің кейін Бату хан іргесін кеңейткен Алтын Орда деп аталатын елдің 65-70 пайызында отырмыз. Жошы ұлысының сол кезде шаңырағын көтеріскен тайпалар, рулар бірігіп қазақ деген ұлт болды», - дейді жазушы Ұларбек Дәлейұлы. Жошының анасы Бөрте Қоңырат қызы болғандықтан, ол өз қоластындағылармен өте жақын қарым-қатынаста болғандығы айтылады. Сол заманда өмір сүрген шығыс тарихшыларының айтуынша, Жошы күш-қайраты мол, ержүрек, өткір адам болған. Баласының ақылдылығы мен ерекше батылдығынан Шыңғыс ханның өзі де сескенген. Жужани өзінің 1260 жылы жазылған «Табанат-и-Насири» тарихнамасында былай дейді: «Жошы қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, ол Хорезмде моңғолдарға қандай да бір қыпшақ баласының маңдайынан шерткізбейді».