Президент Тоқаев футбол командаларын мемлекет есебінен асырауды тоқтатуды тапсырған еді. Осы орайда премьер Бектенов футбол клубтарын сатып алуға ірі бизнес өкілдері мен компаниялар қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Үкімет басшысы атап өткен инвесторлар қатарында Central Asia Fuel and Energy Company (иесі Сергей Кан) «Қызыл-Жар» клубын сатып алуға дайын.
Freedom Finance негізін қалаған Тимур Турлов «Шахтер» клубына арнайы стадион мен футбол академиясын тұрғызуды көздейді.
TAU GROUP LTD басшысы Ислам Қозыбақов «Қайсар» клубын өз қолына алуға мүдделі.
Бұдан бөлек, «Тараз», «Елімай» мен «Ертіс» клубына қатысты қызу келіссөз жүріп жатыр. Үкімет футбол клубтарын тезірек жекешелендіру үшін 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды қайта қарап, құжатты тиісті мемлекеттік органдармен келісу үстінде.
Әзірше аталған клубтың бәрі бюджет есебінен күн көруде.
Әлихан Смайыловтың тексеруі жыл сайын миллиардтаған қаржының бейберекет шашылғанын көрсетуде. Бас аудитор бір ғана "Ақтөбе" клубының 250 млн теңгені негізсіз жұмсағанын, ойыншыларға артық бонус бергенін және мердігерлермен жоғары бағамен шарт жасасқанын анықтаған еді.
2026 жылдан бастап футбол саласын қаржыландырудың жаңа ережесі күшіне енеді. Атап айтқанда, легионерлерді мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.
Осы өзгеріспен қатар балалар мен жасөспірімдер футбол мектептері бапкерлерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Әкімдіктерге, әсіресе ауылдық жердегі бапкерлердің еңбекақысын көтеруге екпін беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін президент Тоқаев футбол клубтарын тез арада жекешелендіруді тапсырып, спорт нарық заңдарымен жұмыс істеп, тек жеке инвестиция арқылы дамуы тиіс екенін баса айтқан.
