Munarmedia.kz 22.10.2025 /Астана/-Шығыс Қазақстан облысында асфальтобетон өндіретін зауыт заңды экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеп келгені анықталды. Бұл туралы облыстық ҰҚК департаменті хабарлады.
15 қазанда Экология департаменті «ВекторСолано» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде кәсіпорын Алтай ауданына қарасты Октябрь ауылының маңында асфальтобетон зауыты мен ұсақтау қондырғыларын орнатып, экологиялық рұқсатсыз өндірістік қызмет атқарғаны белгілі болды.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс материалдары Өскемен қаласының әкімшілік сотына жолданған.
Айта кетсек, дәл осы «ВекторСолано» компаниясы бұған дейін, яғни 16 қыркүйекте, мемлекеттік инспекторлардың қызметіне кедергі келтіргені үшін де сот шешімімен әкімшілік жауапқа тартылған болатын.
Қазір экологтар Өскемен қаласына қарасты Ново-Явленка ауылындағы тағы бір асфальтобетон зауытының қызметін тексеріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, нысан елді мекеннің дәл ортасына — тұрғын үйлерден жүз метрге жетпейтін қашықтыққа салынып, рұқсат құжаттарынсыз іске қосылған. Зауыттың қатты шуы мен ауаға тараған улы түтіні тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп отыр.
Жергілікті экологтар мен мемлекеттік органдар бұл фактілерге қатысты қосымша зерттеу жүргізіп, санитарлық талаптардың бұзылу деңгейін анықтамақ.
Фото: ашық дереккөздерден.