Есірткіге еліткендер: полицей формасындағы «нашақорлар»

27

Munarmedia.kz 22.10.2025 /Астана/ Жыл басынан бері Қазақстанда 15 полицей есірткі қолданғаны үшін қызметінен қуылған.

Бұл жөнінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма басшысы Бақытжан Әмірханов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ішкі тәртіпті бұзған барлық қызметкер жұмыстан босатылған.
Ресми статистика осылай дейді: барлығы – 15 адам.
Ал егер шындыққа қарасақ, ұсталғандары он бес болса, ұсталмағандары қанша?

«Бұл тек ішкі істер органдарының өкілдері ғана емес. Мұндай фактілер басқа мемлекеттік құрылымдарда да кездеседі», – деді Әмірханов, сөз арасында «басқа құрылымдарға» да саусағын шошайтып.

Айтпағына қарағанда, Маңғыстау облысында есірткі қолданған шенеуніктер де ұсталған.
Оның астарында жуырда қолға түскен аудан әкімінің орынбасары Әлібек Үтегенов пен ауыл әкімінің орынбасары Абзал Дастанов туралы іс жатқан болуы мүмкін.

Мұндай жаңалықтардан кейін еріксіз ой келеді:
Мемлекеттік қызметте «есірткі сынағын» енгізіп,
«Қай мемлекеттік органнан көбірек нашақор ұсталады?» деген конкурс жарияласақ қайтеді?

Жеңімпаз ведомствоға — тегін наркодиспансерлік ем курсы.
Ал қоғамға — мемлекеттік аппараттың шынайы диагнозы белгілі болар еді.