Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жетілдіру бойынша Агенттікпен енгізілген ұсыныстардың орындалу барысының нәтижелері қаралды.
Агенттік талдау және мониторинг жүргізу шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіруге қатысты жалпы 358 ұсыныс әзірледі.
Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдармен 152 ұсыныс (немесе 42%) іске асырылып, 206 ұсыныс бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Агенттіктің ұсыныстарын іске асыру аясында қызметтерді автоматтандыру, процестерді жеделдету, қызмет көрсету тәртібін оңтайландыру, электронды форматқа көшіру, НҚА-дағы қайшылықтарды жою, «жасырын» қызметтерді анықтау, мерзімдерді қысқарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Мәселен, тұрғын үй анықтамаларын беру, жер телімін алуға кезекке тұру, білім құжаттарын апостильдеу секілді қызметтер – қағаз түріндегі балама түрі жойылып, электронды форматқа көшірілді.
Бұдан бөлек, еліміздің маңызды салаларындағы 25 мемлекеттік көрсетілетін қызметтің ақпараттық жүйелерінің функционалдары жетілдірілді (еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, экономика, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет және ақпарат, ішкі істер, әділет).
Сонымен қатар, 11 мемлекеттік көрсетілетін қызметтің ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру жүзеге асырылды (еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, қорғаныс, қаржы, өнеркәсіп және құрылыс, экономика, ауыл шаруашылығы салалары).
Бұдан басқа, қорғаныс, әділет, экономика, ауыл шаруашылығы салаларында 11 мемлекеттік қызмет көрсетудің жеке процестері автоматтандырылды.
Мысалға, бұрын бір қалаға немесе ауылға көшкен кезде әскери есепке тұру үшін қосымша өтініш жазу керек болатын. Енді бұл процесс автоматтандырылды – яғни тіркеу орнын өзгерткенде, әскери есеп те өздігінен жаңартылады.
Агенттік жоғарыда аталған тәжірибені ескере отырып, қызмет беруші органдардың қызметтері мен халықтың сұранысын зерттеп, қызметтерді оңтайландыру шеңберінде 17 бағыты бойынша ауқымды талдау жүргізіп, 24 ведомстволық жоспар бекітті.
Жоспар аясында 492 нақты іс-шара қабылданды. Аталған жоспарларда қызметті проактивті көрсету, жекелеген қызметтерді электрондық форматқа көшіру, қызмет көрсетудің мерзімдері мен құжаттарын қысқарту, композиттік, экстерриториалдық және өзге де қызмет көрсету шаралары қамтылған.
Қоғамдық кеңес мүшелері отырыстағы талқылаулар нәтижесі бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға Агенттік ұсыныстарын ескере отырып, мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерістерін жетілдіруге бағытталған қажетті шаралар кешенін қабылдауды ұсынды.