МҰРАТ ӘБІЛДАНЫҢ ТҮРМЕДЕН ШЫҒУЫ НЕМЕСЕ ҚАНЫШ СӘТБАЕВТЫ КІМ ҚУҒЫНДАДЫ?
Әлқисса осындағы бір досым менен сұрайды. Өткенде Мұрат Әбілда түрмеден шықты. Оны бір қауым ел жиналып, құрметтеп күтіп алды. Одан ол Тик-ток желісінде біреумен батлға шығып 15 млн ақшалы болыпты. Ел үшін ,жер үшін, ұлттық мүдде үшін жанын салып жатқан азаматтар көп. Неге ел соларға құрмет көрсетпейді? Неге сондай қайдағы бір Мұрат сияқтылардың шашбауын көтеруде? Біз соншалықты төмен дәрежеге неге түстік? - дейді.
Сол сұрағына осы жерде жауап беріп көрейін.Біз барлық мәселенің тек беткі қабатын ғана көреміз. Тек беткі қабатын ғана шешуге тырысамыз. Ал кез-келген нәрсені түпкі жағынан қарап, сол түпкі жағынан шешуге тырысса мына қоғам оңалар еді.
Жалпы осы айтылған надандық неден басталды өзі? Неге қазір жастар ғылым-білімге ұмтылмай, жаппай Мұрат Әбілда сияқты атың шықпаса жер өртелерді тұлға көріп жүр? Біз неге тарихи тізбегімізден ажырап, үзбекке түсіп қалдық?
Оның себебін мен "Қуғындалған Сәтбаевты" оқыған соң жақсы түсіндім. Иә, оған дейін қазіргі надандық дәуіріне тек Назарбаевты кінәлайтынмын. Сөйтсем ол бер жағы екен.
Медеу Сәрсеке бүкіл өмірін Қанышты зерттеп, кітап жазуға арнаған адам. Алғаш оған бұл істі Әлкей Марғұлан сеніп тапсырғанда жасы 27 де болады. Жастықтың жалынымен бұл іске құлшына кірісіп, 10 жыл зерттеу нәтижесінде дайын болған кітапты Алматыда шығара алмайды. Дұрысы шығартпайды.
Желдің қай жақтан екенін сезген ол, табандылық танытып, ерегескенде кітапты орыс тілінде Мәскеуден шығарудың қамына кіріседі. Жолында кездескен түрлі қиындықтардың бәрін жеңіп, кітап басылады. Кейін қазақшасын шығаруға қанша талпынса да кітапты шығару тағы мүмкін болмайды.
. Ал сол кітапты қашан шығарды дейтін шығарсыздар? Қонаев биліктен кеткен соң, 1988 жылы бірақ шығады. Онда да сол жылдары елдің мәдениет министрі боп, Өзбекәлі Жәнібек келеді. Сол жылы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай, Өзбекәлі атамыз кітапты бірден 100 мың данамен шығаруға бұйрық береді.
Бұл Қаныш дүниеден өткен соң болып жатқан нәрселер. Тірі кезінде қуғынның талайын көрді. 50- жылдардағы Сталиннің репрессиясынан аман өткен оған басқа емес өзіміздің Қонаев "піріміз" күн бермепті. Жалғыз Қаныш емес, оның айналасына жиналған өзі сияқты ылғи "Алаш арыстарының идеясына" адал ғалымдарға жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген.
Ғылым академиясын ұлттық идеологияға қызмет ететін, қайтсем қазақ ғылымын көкке көтерем деген ғалымдардан тазартып, орнына ылғи өзімен мүдделес адамдар әкелді.
25 жыл билікте отырғанда тек Кремльге адал қызмет етумен болды. Алматыдағы бүкіл қазақ мектептерін жауып, қазақты орыстандыруға барынша ат салысқан да сол.
Қаныш Сәтбаев елімізде алғаш "Ғылым академиясын" 1946 жылы ашты. Бар күшін салып жүріп қазақ ғылымын бүкіл әлем ғылымдарының қатарына қосты. Егер сол пәтпен кете бергенде дәл қазір сіз бен біз осы күйге түспес едік. Ғылым- білімсіз қоғам наданданбағанда қайтсін?
25 жыл солай өмірі өткен қазақты одан кейін Назарбаев сорлатты. Өзі де тұралап тұрған ғылым академиясын ол атам біржола жауып тынды.
Ал елдегі қандай да бір надандықты ғылымның күшімен жойып отыруға тиіс ғалымдар солай қоңыз теріп кетті.
Енді айтыңызшы осыдан кейін қоғам наданданбағанда қайтсін?
Шын білім иелері, ұлттық идеологияға қызмет ететіндер далада қалып, елді қуыскеуде әншісымақтар, блогерлер, дүмше молдалар, топас шенеуніктер жайлап кетті. Мұрат Әбілда да сондай "легенданың" бірі.
Дәл сол Мұрат Әбілда түрмеден шығып жатқан кезде Қазақстанда айқайлап айтуға тұратын тағы бір жаңалық : "ҚАНЫШ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ МАЙДАН" кітабы жарық көріп жатты. Кітабыңды да Қанышыңды да қайтсін ел Мұрат Әбілданы бақылап әлек болды. Тик-токтағы батл-ын қанша мың адам тамашалады. Соны әңгіме деп осында жазды да.
Жылдың басында -ау, осындағы Ерлан Төлеутай ағам Қонаевтың Сәтбаевқа істеген осы қиянаты туралы бір подкастта айтып жатты. Сол сөзі үшін әбден таланды да. Бір адам шығып, дұрыс айтып жатыр, мыналарың қалай деуге жараған жоқ. Жарайды Ерлан аға өтірік айтып отыр дейік. Ал Медеу Сәрсеке мына кітапты өтірік жазды дей алмас ешкім. Кітаптың соңғы жағындағы Қонаевқа жазған хаты енді сұмдық!
Гаухар Жолмаханбет