Munarmedia.kz 20.04.2026 /Astana/Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы, көрнекті ақын, драматург әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов өмірден өтті.
Қаралы хабарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі растап, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, сондай-ақ барша қазақ халқына көңіл айтты.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі көрнекті қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына, сондай-ақ барша қазақ жұртына қайғырып көңіл айтады», – делінген министрлік хабарламасында.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Мұхтар Шаханов 8 сәуірден бері жансақтау бөлімінде жатқан. Бұған дейін оның жағдайының ауыр екені хабарланған болатын.
Министрлік мәліметінше, қаламгердің жарқын бейнесі мен әділдік жолындағы қайсар рухы халық жадында мәңгі сақталады.
«Мұхтар Шахановтың батылдығы, әділеттілік жолындағы күрескерлігі және халқына деген адалдығы ешқашан ұмытылмайды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жаратушының мейірімі мен рақымы нәсіп етсін», – делінген көңіл айту жеделхатында.