Түркияда мектепте болған атыста 9 адам қаза болды

76

Munarmedia.kz 18.04.2026 /Astana/ – Түркияның Кахраманмараш қаласындағы орта мектептердің бірінде болған атыс салдарынан 9 адам қаза тапты.

15 сәуір күні сегізінші сынып оқушысы сыныптастары мен мұғалімдерге оқ атқан. Билік мәліметінше, қаза болғандардың сегізі – оқушы, бірі – педагог. Тағы 13 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген, олардың алтауының жағдайы өте ауыр. Атыс екі сыныпта болған.

Алдын ала ақпарат бойынша, жасөспірім мектепке бес бірлік қару мен жеті оқжатар алып келген. Қару оның бұрынғы полиция қызметкері болған әкесіне тиесілі екені анықталған. Әкесі ұсталды, ал күдікті оқиға орнында жойылған.

Қазіргі уақытта қылмыстың себептері анықталу үстінде. Түркия Ішкі істер министрлігі бұл оқиға теракт ретінде қарастырылмайтынын мәлімдеді.

Оқиғадан кейін Кахраманмараштағы мектептерде сабақ екі күнге тоқтатылды.

Айта кетейік, соңғы екі тәулік ішінде Түркияда осыған ұқсас екінші жағдай тіркеліп отыр. Бұған дейін басқа қалада бұрынғы оқушы лицейде атыс шығарып, 16 адамды жаралаған.

#Түркия #оқиға #атыс #мектеп #қауіпсіздік #қылмыс