"Қазатомды" басқарған Мұхтар Жәкішев Қазақстанның қазба байлықты "сырой" күйінде сатып, байлығын шашып жатқанына наразылық білдірді деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның пікірінше, елдің минералдық кен байлығын шикізат күйінде экспорттау экономикалық сауатсыздық. Қолдағы алтынның қадірін білмеу.
Шетелдік компаниялар еліміздің бағалы металдарын шикізат түрінде арзанға алып, кейін өзімізге ондаған есе қымбат бағамен қайта сатуда.
Жәкішев бұл мәселені шешудің жалғыз жолы кен өңдейтін заманауи зауыттарды өз жерімізде салу деп санайды.
"Елде бұған қажетті технология жоқ деу сылтау. Қазақстанда мыс, мырыш секілді металдарды өңдейтін зауыттар баяғыдан жұмыс істеп тұр. Сол технологияларды дамытып, өңдеу тереңдігін арттырып, түпкі өнімді өзіміз шығаруға әбден қабілеттіміз", – дейді ол.
Сондай-ақ Жәкішев кен экспортын бақылауды күшейтудің маңыздылығына да тоқталды.
Сорақысы, бізде кен құрамындағы бағалы әрі сирек кездесетін металдардың толық есебі жүргізілмейді екен.
Салдарынан жер қойнауындағы қазба байлықтың құрамында араласып жүретін - алтын, күміс, рений сияқты сирек элементтер шетелге cу тегінге кетіп жатыр.
"Осыны білмегендіктен, зерттемегендіктен шетелге шыққан әрбір тонна шикізатпен бірге миллиардтаған теңгені де сыртқа шығарып жатырмыз" - дейді саясаткер.
Жәкішевтің сөзінше, шикізатты өңдемей сатудың кесірінен Қазақстан шын мәнінде өз әлеуетінен әлдеқайда аз табыс тауып отыр.
"Егер шикізатты түгел өңдеп, түпкі өнім жасап сатсақ, еліміз қазіргіден ондаған есе көп пайда көрер еді. Бүгінгі шикізат экспортының саясаты елдің байлығын , мемлекет мүддесін ескермеу", - деген батыл пікір білдіріпті Жәкішев.
Саясаткер бұл ретте табиғи ресурстардан түскен табыс халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс дейді.