Жайсаңнан тараған жайсаң
Бессаланың тағы бір абызын көрдік. Елдің арасында барлық болмысымен «ерекше» көрінетін көненің көзі. Есімі Орынхан немесе қарапайым орныққан деген мағынаға жақын: Орныхан Мешпетұлы (1918-1983). Әйтеуір ныспысында ханның «орны»: я болмаса «ханның» орынтағына лайық болсын деген қазақы ырыммен аты мен сойы бұйырған болуы керек. Қалайда қатқан қайыңтоздың қабығы сықылды қоңырқай қазақтың бір қабағат тұқымы туралы айтпақпыз...
...Оны біздің елдің үлкен, кішісі түгелдей – «Орағаң» деп тергеп үкілейтін. Он екі Керейде Молқының машан тарапы – Айтуғанның үбірі Жайсаңынан туған тақуаның өзі де сөзі біртүрлі эпостық жұмбақ кейіп сықылды сезілетін-ді. Енді сол Жайсаңның қарашаңырағы осы Орағада екен!? Өр Алтайдың арғы бетінен көкөрім жасында Ховданың бергі бетіне қарай өтіпті. Шыңжаңдағы шытырман жағдайлар, алмағайып оқиғалар 1933 жылы дүңгеннің қанды қуғын, атыс-шабыс, азапты айдауыл шерулерден кейін шекара шегіне шеттей келіп Ховда бетіндегі Көгентаудың теріс қараған жасырындау қойнау, қуысына түйесін шөгеріп, түтінін түтеткен Мешпет әулиенің отбасындағы тұңғышынан кейінгі баласы.
Орағаңның бар мінезі бір беткей, күдіс мойынын ішіне алған сәл одыраңқы, бірегей. Ұлы Абай айтқан «дауасыз мінездің» нақтылы егесі! Ешкімге жәреукеленбейтін, жарамсақ емес табиғи болмысы турашылдыққа негізделгендей шәлт еді. Жұртың көбі Орағаның осы «қыңырлығын» ұнататын-ды. Оның тұла бойындағы бар болмысы да осы өзіне ғана тән қыңғылығында. Біреуге ұнайын демейді: кезі келсе лық еткізіп ойып айтып, тілдеп сойып салып қарап отыратын кесек ойлы одағайдың жояны. Осы күнгі һәдеп бойынша «стандарттан» тыс өресі бөлекшелеу өрен-ді.
Сиқыметі мен хикіметі тең
Бұрынғылардың айтуынша Орағаңның өзінің тапқан анасының есімі Әппақ дейтұғын. Ауқатты байдың ерке қызы болса керек. Ол да бала шағында әппақ сары алтындай жігіт болған шығар!? Орағаң Ховда бетіне келгеннен кейін өзінің немере ағасы Әбілмәжінұлы Құрманханмен (1914-1986) іргесі бөлінбеген тату болған. Құрманхан марқұм батыр кейіпті әшкере адуын, шәлкез, күйгелек болса, Орағаң одан да зор қыңырдың қыңырының өзі әрі тұмарлы шешеннің бір тұтам сорттысы! Алайда ағайынды екеуінің ортақ сыйластығы бүткіл қауымға үлгі болғаны өзалдына бір тәуіриһетті әңгіме. Осы қыдыр дарығын осы әулеттен бүткіл елге сыйлы Әлімхан Рәпілқызы (1930-1993) есімді ғажайып ана да өмір сүрді. Орағаң өзінен мүшел жас кіші қарындасын өмір бойы «Әлағаң» деп әспеттеп өтуінде де үлкен ірілік бар еді. Орағаңның рма тілінде өзгеше мақам болған. Ол кісі сөздің басқы қаріпі «х» болса болды оны «һ» дыбысымен шықырады. Мысалы, ағасы Құрманханды – «Һұрманһаһан» десе көбіне сөзінің салтына жарай жақтырмағандарға «һара пәлһә» деген қайырғы атауды жиі қолданатын-ды.
Ұлы мәрттіктің бір мысалы
1950 жылдың көктемінде Орағаңның інісі Ұлықпан Мешпетұлы (1926-1967) шалғай түстіктегі Бұлғын сұмынға арнайы тапсырмалы беделді қызметке тағайындалады. Орталықтан бір дөкейлеуіт басшы жолай Ұлықпанмен бірге Дэлүүндегі Орағаңның үйіне келеді. Дөкей көшбасшы: «мына кісіні танисыз ба?! деп 24 жасар уыздай сымбатты жігіт інісін нұсқайды. Орағаң оған: «бір жерден көрген сықылдымын...» деп әйеңкілеу жауап қайтарады!? Осы жолда Ұлықпан інісіне Құрманхан немере ағасы: «ауыл алыс, бейтаныс жерге бара жатырсың. Ел саған айнадан қарағандай сын көзбен қарайды. Сондықтан ер қанаты – ат. Мынау қарагер жүйрікті мініп жүр...» деп көлденең тартады. Осыдан жаз өтіп қыс келіп соғым соярда Орағаң ағасы Құрманханға өзінің жалғыз ту биесін сойып беріп үлкен кішілік, адами құрмет көрсетеді. Мінеки «көңілі түссе бір атын түсіп беріп, бір атым насыбайға өкпелеген....» (Кәкей Жаңжұңұлы) ауылдың абыздары осылай мәрт еді.
Ұжымдастыруды құптамаған жан
1959 жылы ұжымдастырудың ең тұрпайы тәсілі науқандалды да жекеменшік малды түгел тәркілеп бірлестіктерді құра бастайды. Осы саяси солақай науқан салдарынан мәйекті байларды түгел күйретіп, «феодалдар» дегізіп меншіктегі қырауар мал түлікті тақыр кедейлерге күшпен үлестіруден болып орасан шығынға ұшыратқаны бар. Сол содыраң саяси науқанның сыңаржақ насихатында жалданып, алданып жүргендер ауылдарға келіп өкіметтің жасампаз насихатарын жаңа мизамдық жұлдызды жалаумен көтеремелеп жәтте келіп мақтайды. Бір әумесірлеу белсенді қыза-қыза келе өзінің салтанатты ұранды сөзінде: «Бірлестік деген социалистік ұжымдасу қандай керемет игілікті шаруа!? Мал да малдың өрісі де бірлестіктің есебімен қағазға тізімделіп түгел қатталды... Ұлы көсем мың жасасын! Партия мен үкіметтің арқасында ауыздарыңыз аққа тиіп... дей бергенде Орағаң: Біз ұжымдастыру кезінен бұрын да айран сүт ішіп, іркіт піскенбіз, малды қағазға емес өріске жайғамыз! Енді «аузың – аққа, ауың – атқа тиді деп тұқымынан жарымаған құл-құтан, жарлы, жақыбай сендер-ақ, ақ қағазға түсірілген өріске, сол шұбар қағазға тізімделген малың мыңғырып жайыла берсін! деп кекетеді. Бірлестік – Орағаңды, Орағаң – бірлестікті аса ұнатпады.
«Жомарттың қолын жоқшылық байлап....»
Азғана ауқатымен өзіне тән жомарттығымен әйтеуір күнгөріс ететін Орағаң өзінде болмаса өкіметтен ештеңе сұрамайтын намышыл қыңғылығы басым дедік... «Жомарттың қолын жоқшылық байлайтын» бір заманда Орағаңның тұңғышы Әден шеріктен келетін болып айтып соярға жілігі татитын қой керек болады. Бірлестікке барайын десе намысы жібермейді... Ары ойлап, бері ойлап ақыры сұмындық Парт ком-нің бастығы өзінің ең қадірлейтін жерлес әрі сырлас інісі Ауғанбай Қанақияұлымен тәуекелдеп сөйлеспек болады. Бәйбішесіне қыстан қалған соғымның бір жілігін астырып, бір шөлмек шарап әзірлеп Ауғайды үйінде күтеді. Күткен қонағы кешікпей жетеді. «Ет – етке, сорпа – бетке...» дегендей әңгімелері жарасып, шарап тамырға тарай бастаған әлден уақытта батылданған Орағаң өзіне сенімді бастыққа бұйымтайын ептеп жеткізеді... Қара сөздің қайығы Ауғанбай басшы баяғы әдемі әзіліне басып: «Айтқаныңыз жөн Ораға, ескіден ескерілген сүріден жеп, сүйек сорпаға айран қосып сүмесүттен қоймалжың дәм жасап, шарап ішіп сүмек терімізді шығардық... Жағдайыңыз тым осал емес көрінеді баһадүр... деп байсалды қайырмалап, кеңкілдеп күледі де: Сұмындық Партком басшысының білімінде бұрыштама жасап үлестіре беретін қой болмайды... Бірлестіктің басшысы Бөкеңе бармайсыз ба!?-дейді ойын-шынын араластыра. Орағаң бұл жолы да шәлт кетеді... «Мен нэгдэлдің (бірлестіктің) қойының еті дәмді деп отырған жоқпын. Жоқ болғасын сұраймын да. Өзің айтатынсың «құнан қойың көп болсын!» деп... Сол һұнан қой жоқ болып тұр һәзіге! Бір қойға бұрыштама жасай алмайтының бар бір сұмынның Партия комитетін қалай басқарып жүрсің!? Бірлестігіңде қанша басшы, нешеме есепшілердің саны бар шығар... Солардың бәрін қосқанда – «жарты Ауғанбай» шықпайтынын да біліп өзіңе сенгенмін!?-дейді. Сөзден тосылған Ауғай дереу өзі әдейілеп барып, өтемі дәуірлеп тұрған «Октябрь-39» бірлестігінен екі қойдың рұқсатын алып беріп жібереді.
Сарыжал ат мінген – сары абыз
Орағаңның перуей сиқымет-сиықын жетпісінші жылдардың басында бала кезімізде көрдік. Сапақ жалды жұмыр сауырлы сарыжағал ат мінген, түгі түлеп қабыршықтаған танауы және түрі ақсары, сұңқар көзінің жиек аясы қып-қызыл болатұғын... Иегіне әдейі жапсырып қойғандай көк сұр, қисықша шоқша сақалы абыздың бар бет-бейнесін ашып тұрғандай. Оның киімі де сарғыш, басына қуаңқы сарғыш сәлдебоздан орама-тұмақ шалмағай салған тұйықшаң түр тұлғасы мен бітімі бөлекше. Қысы жазы мінетін сарыжағал сары атымен желдіртіп, желі керген биебаулы ауылдың төріне келіп сабалы сары қымызды сапыра ішетіні, изеннің күліне үйірген көкбұйра насыбайды кетік тісін шапанының қабуынан суырмақтап алған мақтасымен тығындап тұрып ытқытып жіберіп, түшіркене желпінетіні әуелгі машығы. Егер Орағаңның сол табиғи кейіпінен де кино сюжеттер түсірсе ең ерекше бір қазақтың образы сомдалар ма еді?! Бәйбішесі тасбике Әлханқызы Рымхан апай қарапайым адам болатын.
Нағашының жолы үлкен...
Бірде аудан сұмыннан суыт хабар жетеді. «Аймақтық Порт Комитетінің бірінші хашысы Құрметбек Байтазаұлы малшы ауылдарын аралап, жергілікті өкімет атынан хал сұрай келеді. Әр малшы өз отбасында, отарының қасында болуы керек...» деген пәрменді дұғай жетеді. Бессаланың өңірі де арайлы таңы да ғажайып сүгірет. Кең жайлаудың шеткері жағында қошқар мен теке табынын бағатын Орағаң қораның шетіне тулақ төсетіп қамсыз жатады. Екі, үштеген жеңіл мәшинелер үйді жағалай келіп түседі. Самбырлай сөйлесіп есендеседі. Бірақ, Орағаң оң аяғын айқастырып, үстіне сақар сабынмен жуған жағасы сырмалы ақ шаңқан жейдесінің етек-жеңін түрініп шалқалап жатқан күйі тапжылмайды да елпілдеп орнынан тұрып келмейді. Бригаданың басшысы өзінің тетелес немере інісі Қапыш Жұмаханұлы Орағаның қасына келіп: «Ораға, аймақтың Партия басшысы Құрекең келіп өзіңізді күтіп тұр. «Сүйегіңіз сау болса» орныңыздан ептеп тұрып сәлем бермейсіз бе!? Оның үстіне сұмындағы сырмақ шетіндегі барлық дарғылар да келді дейді» ағасына сәл өкпелі қатқылдау ренішті үнмен... Орағаң: «Е, Құрметбек келсе ол маған жиен емес пе?! Әрине нағашыға өзі келіп сәлемдессін! Не жетті соғұрша ентігіп!? Сұмындағылар сырмақ шетінде болса: мен қорадағы қошқарлы отардың шетіндемін... Оның үстіне «мен оларды қабылдаймын ба, жоқ па, өз шаруам» деп қозғала қоймайды. Ақыры жөнге жүйрік ілімі кемел мәмлілегер Құрекең өзі келіп «нағашыға» сәлемдесіп жөн сұрасады!? Құрекең: «ай сайынға жалақы уақытында беріле ме?!» десе Орекең: «жоқ, біз малды лениндік субет-енек-пен (субботник) бағамыз...» дейді. Бірінші хатшының қасында жүрген малдың аға дәрігері: «Биыл төліңіз аман аяқтанды ма!? деп аңдаусыз сауал қоям деп аузынан жаңылады. Орағаң: «оны қошқар теке баққаннан емес ұрғашы тұсақ пен шыбыш баққандардан сұрамайсың ба!?». «Менікін түгендеуге келсең ата малдың қос салпыншағы түгел орынында...» деп қысқа қайырады. Өкілдердің тағы біреуі біріншінің алдында көрініп қалғысы келді ме Орағаңа: «неге кең жайлаудағы елден шеткері мұнша шалғай жайлап отырсыздар!?» дейді. Орағаң оған да: «бойлақ баққан еркелерге қошқар, текенің иісі сіңіп қалам ма деп, қашық жүреміз...» деп қыжыртып алады!? Орағаңның бәйбішесі Рымхан марқұм қылап ана еді, қонақтарға сарлықтың қоймалжың айранын ұсынады. Босаға жақта отырған өкілдердің бірі: «паһ, неткен дәмді айран еді, ненің сүті бұл?! деп тамсанып, сылп еткізіп ерінін, жалайды. Құлағы сақ Орағаң оған да: «бұрын ішіп көріп пе ең, бұһаның айраны ғой» деп отырғандарды ду күлдіреді!
Соңынан Орағаңның осы сөзі – «Жаңа өмір» газетіне жарияланып, әпсәтте жалпақ жұртқа жария болады.
Тіркістігі тіліне жұққан тіні берік, ішкі иі жұмсақ Орағаңды шамдандыру да, көңілдендіру де оңай десетін-ді. Жездесініп әзілдесіп жүретін бір азамат Орағаңа келіп: «Ораға, Ораға» дегенге орағытпай оңыңмен жүрмейсіз бе!? дейді әдейі. Орағаң ол жігітке: «Сен мені Ораға демей-ақ қой! Сенсіз де мені «Орағалайтындар» көп деп бұрылып кете берген... Орағаңда екі жөйітбас қарала иті болды. Бірде Қопай деген жігіт келіп ат байлайтын қазаққа аттан түсіп жатады. Екі ит арсылдап тұра ұмтылады! Кигіз үйдің оң жағынан үйге әрең қашып кірген Қопай: «пүһ, етегімді жұлып ала жазды...» қорымайсыздар ма, деп ренжиді. Төр алдында таспа сыдырып отырған Орағаң: «иттер де мен құсап алжи бастаған ба!? «Ителі көршіні танымай...» деп ителі руының жігітін тағы да бір шаншып алады!
Ергенектінің ен бойындаға раңотты тарғыл тастақта тақтайдай шүйдесі шодырайған, құйрығы тең тегендей, Алтайдың серегіндей алшаң мүйізі арбиған ата малдың ақиесі, һақсұң бітімді аңыз шопан – Беу, Орағаң келе жататын-ды!!!
11.03.2025