Назарбаев элитасы мен Тоқаев командасы: «активтерді қайтару» ма, әлде «инвестицияны қорғау» ма?

27

Munarmedia.kz 22.10.2025 /Астана/-Қыркүйек айының басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел үкіметіне тосын әрі маңызды тапсырма берді — Активтерді қайтару жөніндегі комитетті «Инвесторларды қорғау комитеті» деп қайта атауды ұсынды. Бұл тек атауды өзгерту емес, тұтас мемлекеттік саясаттың жаңа бағытының бастамасы екені анық. Премьер-министр Ольжас Бектеновке инвестиция саясатын түбегейлі жаңарту бойынша он күндік мерзім берілгенімен, арада бірнеше апта өтсе де үнсіздік сақталуда. Бұл — шешімнің күрделілігін, ал мүмкін — саяси салмағын да аңғартады.

Президент өз Жолдауында атап өткендей, инвестиция тарту ісі бүгінде бытыраңқы әрі бюрократиялық сипат алған:

«Бізге нақты түсінік қажет — қаражат қай бағытқа, қандай көлемде және не үшін керек? Инвестицияға деген сұраныс өндіріс секторындағы нақты қажеттіліктерге сай болуы тиіс. Қазір бұл сала бірнеше мемлекеттік құрылымның қарауында. Нәтижесінде жауапкершілік бөлініп, іс баяу жүруде. Сондықтан мен Премьер-министрге жаңа жүйе ұсынуға он күн беремін», — деген еді Тоқаев.

Бір қызығы, бұрынғы комитеттің жұмысы барысында бюджетке шамамен 850 миллиард теңге ғана қайтарылған. Ал бұл — бұрын айтылған жүздеген миллиард долларлық көлеммен салыстырғанда тым мардымсыз көрсеткіш. Демек, мемлекет репрессиялық емес, «ерікті» қайтару тетігін таңдағандай: яғни, олигархтар мен капитал иелерін жазалау емес, олардың ақшасын инвестиция түрінде қайта әкелуге ынталандыру жолы.

Бірақ бұл тәсіл — заңның өзіне күмән тудырады. Егер активтер енді «инвестиция» ретінде қайтарылса, онда «Заңсыз жолмен шығарылған активтерді қайтару туралы» заңның өзі маңызын жоғалта ма? Әлде ол қайта қарала ма? Бұл сұраққа әзір жауап жоқ. Бірақ бір жайт айқын: бұрынғы комитет өз әлсіздігін іштей мойындаған сыңайлы.

Сарапшылардың пікірінше, билік элитасы арасында бейресми «келісім» орнаған болуы мүмкін. Енді капитал елге «заңсыз шығарылған актив» емес, «инвестиция» ретінде оралады. Себебі заңсыз капиталдың шығу тегін дәлелдеу — халықаралық деңгейде өте қиын әрі қымбат процедура. Ал Батыс елдерінің қаржы реттеушілері офшорлық ақшаларға жыл сайын қатаң бақылау орнатып келеді. Сол себепті бұрынғы элита үшін ең тиімді шешім — капиталды өз еліне «инвестиция» ретінде заңдастыру.

Алайда бұл тәсілдің моральдық жағы күмәнді. Елден шығарылған қаржыға енді «инвестиция» мәртебесі берілуі — әділет емес, амалдың жоқтығы. Бірақ экономикалық тұрғыдан қарасақ — прагматикалық шешім. Өйткені соңғы жылдары шетелдік инвесторлар мен банктердің табысы түрінде елден жыл сайын 21 миллиард доллар сыртқа кетіп отыр. Тікелей инвестициялар да азайған. Ал Қазақстан экономикасы бүгінде қаржы тапшылығын қатты сезінуде.

Салыстырмалы түрде алғанда, Грузия өз офшорлық капиталын қайтару үшін өзге жолды таңдады: офшордан активтерін елге әкелген кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер ұсынды. Бұл шешімнің өзі қоғамда дау тудырған. Бірақ Қазақстан билігі, көрініп тұрғандай, «прагматизмді моральдан жоғары қою» бағытын таңдаған.

Парламент депутаты Ермұрат Бапи бұл үрдіске ертерек алаңдаған болатын. Оның айтуынша, бұрынғы бюрократиялық жүйе президентті активтерді қайтару ісінен әдейі алыстатып отыр. Сол себепті ол комитетті тікелей Мемлекет басшысына бағындыруды ұсынған еді. Бірақ көпшілік дауыс — Бас прокуратураға бағындыруды қолдады. Бұл шешімнің салдары қазір байқалып отыр.

Жақында Бас прокурор Берік Асылов та өз парақшасында жазба қалдырып, елдегі жаңа саясатты іс жүзінде растай түсті:

«Басты мақсат — экономикаға, оның ішінде бұрын елден шығарылған қаражат есебінен де, инвестиция құюға ынталандыратын жүйе қалыптастыру. Прокуратура қазірдің өзінде 87 триллион теңгеден астам сомаға бағаланған 1,5 мыңнан астам жобаны сүйемелдеуде. Инвестициялық климатты тұрақты әрі болжамды ету – біздің басты міндетіміз», — деді Асылов.

Бірақ осында бір сұрақ туындайды: неге инвесторлардың құқықтарын қорғау енді Үкіметтің емес, Бас прокуратураның міндетіне айналды?

Саяси тұрғыдан бұл — Тоқаев кезеңінің жаңа формуласы: күш құрылымдары арқылы экономикалық реформаны бақылау. Ал элитааралық тепе-теңдік тұрғысынан — Назарбаев дәуірінің «жекеменшік капитал» логикасынан Тоқаев кезеңінің «бақыланған инвестиция» моделіне көшу.

Бір сөзбен айтқанда, ел жаңа экономикалық келісім кезеңіне қадам басып отыр. Бірақ бұл келісім әділет үшін бе, әлде аман қалу үшін бе — соны уақыт көрсетеді.

Карлығаш Еженова