Нұрекең билікті Тоқаевқа тапсырған тұстағы Қазақстан "жартылай қираған үйге" ұқсайтын еді.
Іргетасы жарылып, жемқорлық пен әділетсіздіктен қабырғасы сөгілген, экономикасы құлдырап, басқару аппараты тозған, қоғамның сенімі жоғалған мемлекет болатын.
2019 жылы Назарбаевтың тосыннан биліктен кетуі, шын мәнінде, оның ұзақ жылдар бойы жинақталған саяси, экономикалық әрі әлеуметтік дағдарыстың салдарынан "құтылғысы келгенінің" белгісі еді.
Экс-президенттің соңғы жылдарында қоғамның басым бөлігі әділетсіздік пен әлеуметтік теңсіздіктің шырмауынан шыға алмай, халықтың наразылығы үдей түсті. Қаңтар оқиғасы сол наразылықтың логикалық шарықтау шегі еді.
Егер Назарбаев биліктен кетпей, бұрынғы жолын жалғастыра бергенде, елде одан зорғы төңкеріс болатын еді.
Иә, бастапқыда, Назарбаев отставкаға кеткенімен, билікті толық бермеді. Қауіпсіздік кеңесінің басшысы лауазымын иеленіп, "Елбасы" статусымен билікке араласуын жалғастырды.
Осылайша ол мемлекеттік басқаруды екіұшты күйге түсіріп, Тоқаевты екі оттың ортасында қалдырды.
Бір жағынан Назарбаевтың кадрлары, екінші жағынан қоғамның батыл реформаларға деген сұранысы – осы екі оттың ортасында қалған Тоқаевқа шұғыл шешім қабылдаудан басқа амал қалдырмады.
Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет тұтастығының өзі қыл үстінде тұрды. Дәл осы кезде оның саяси шешімталдығы маңызды рөл атқарды. Мемлекет басқарудың ескі моделінен дереу бас тартып, саяси жүйеге түбегейлі өзгерістер енгізуге бел буды.
Рас, Тоқаев періште емес. Ол да қателік жіберуде...
Әлемдік саяси тәжірибе көрсеткендей, авторитарлы басқарудан демократиялық жүйеге өту бір күндік немесе бір жылдық іс емес. Қазақстан жағдайында бұл одан да күрделі.
Тоқаев бұл трансформацияның барлық ауыртпалығын өз мойнына алуда. Ал Назарбаев, шын мәнінде, оның нәтижесіне жауап беруден бас тартты. Егер ол сол кезде билікті Тоқаевқа тапсырмағанда, өзі құрған жүйенің толық күйрегеніне куә болар еді.
Қазіргі президенттің алдында саяси мәдениетті өзгерту, қоғамды әлеуметтік әділеттілікке сендіру міндеті тұр. Бұл бір күннің шаруасы емес.