Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

НДС-ті көтеру? Бүйтсек 90-шы жылдарға топ ете қаламыз - танымал экономист

83



Қазақстанда қосылған құн салығын (ҚҚС) 20%-ға дейін ұлғайту мәселесі қызу талқылануда. Экономист Айман Тұрсынханның айтуынша, бұл қадам отандық өндіріс үшін ауыр соққы болады. Ол әсіресе 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық және негізгі қызметтер қымбаттап, жұртшылықтың шығыны күрт өсетінін ескертеді.

“Қазақстандa халықтың жартысына жуығы табысының 60%-ын азық-түлікке жұмсайды. ҚҚС көтерілсе, бұл көрсеткіш 75%-ға жетуі мүмкін. Нәтижесінде тұтынушы несиесін өтеуі қиындап, коммуналдық төлемдерді төлей алмай қалатындар көбейеді,” – дейді ол.



Сарапшының пайымынша, кәсіпкерлердің шоттары бұғатталып, төлем дағдарысы басталса, 90-шы жылдардың соңындағыдай бартер мен қарызға бату қаупі туындайды.

Тұрсынхан Министрлер кабинетінің “80 мыңнан 300 мыңға дейінгі кәсіпкерді ҚҚС төлеушілер қатарына қосу” жоспарын да сынға алып, фискалды органдардың нақты талдауы жоқ деп отыр.

Оның ойынша, мұндай шаралар шағын дүкендер мен қызмет көрсету орындарына шамадан тыс салмақ салады.

Экономист бірқатар балама ұсынып отыр. Соның ішінде ҚҚС мөлшерін әртүрлі деңгейде (0%-дан 20%-ға дейін) саралау, әлеуметтік маңызы бар тауарларға 0% немесе 8% салық енгізіп, импортқа 20% сақтау қажет дейді. Мұндай амалдар халықтың азық-түліктік қауіпсіздігін қорғап, ішкі нарықтың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Тұрсынханның айтуынша, ең басты мәселе – бюджеттің шығындарын аудиттен өткізу және салық кірістерін ашық игеру. “Әйтпесе, бірнеше адам ғана ауқаттанып, ал көпшілік дағдарыстың салмағын көтереді,” – деп қорытындылайды сарапшы.