«Туған жердің қадірін
шетте жүрсең білерсің», «Отан үшін күрес, ерге тиген үлес», «Отаны бірдің
жүрегі бір, жүрегі бірдің тілегі бір» дейді қазақ. Мен мемлекет және қоғам
қайраткері, қаламгер Үзбен Құрманбайұлын 1999 жылдан бері білемін. Тура ширек
ғасыр уақыт болыпты. Сабырлы да, қадірлі, өмірге ғашық жан, тұғыры биік тұлға!
Жәй ғана дауысын да қатты шығармай, ықыласпен, пейілмен, адамдық құрметпен
айналаға шуақпен, мейіріммен қарайтын жан. Біреуге ренжіген немесе пенделік
тірлігін көрмейсің. Ең басты қасиеті – қазағын яғни ұлтын шексіз сүйетін абзал
азамат. Өзі Моңғолияда жүргенінде де Отаным деп соққан жүрегінде еліне деген
махаббаты жалындап жанып тұратын. Біз алғаш брінші шақырылған Парламент
Мәжілісі депутаты, тұңғыш қазақ тіліндегі «Халықтың көші-қоны туралы» заңның
авторы ретінде кездестік. Сөйлестік, пікірлестік. Елге қатысты ойлар айтылды.
Жәй ғана айтыла салатын кезекші сөздер емес, тура жанашырлық бағыттағы кесекті
сөздер. Сонда бір байқағаным адамға деген мейірімі, ықыласы, адамдығы ерек, ойы
зерек, ұлтына керек екенін түсіндім. Абай айтпақшы, «Үш-ақ нәрсе адамның
қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» сезіндім. Нағыз туыстай
ағалы-інілік бауырмалдықты ұғындым. Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит
Мүсіреповтың «Сұлулық, әдептілік, білімділік, сезімділік, ерлік, даналық – бәрі
де жеке адамның меншігінде емес, ең алдымен елдің, халықтың еншісінде» деген
сөзі бар. Ол тура біздің елдің болашағы үшін үміті үзілмейтін Үзбен ағама арнап
айтылғандай. Ия, шынында үздіктер қатарында жүретін Үзбен жүрегінде әдептілік
те, білімділік те, сезімталдық та, адамдарға деген мейірім бар. Ал бәрінен де
Отанға деген махаббаты шексіз. Онымен сөйлескенде де, қолға қалам алса да ол
қасиетті сезбеу мүмкін емес! Тәуелсіздігімізге арнап 2004-жылы «Оралған бақыт,
орындалған арман» деген кітап жазды. Алғашқылардың бірі боп қолыма тиді. Онда
Отан қамын ойлаған патриотты танымауыңыз мүмкін емес. «Өз Отанын жан-тәнімен
сүю – адамшылдықтың асқар шыңы» деген сөз бар. Мемлекетіміздің қайраткері
Дінмұхамед Қонаевтың «Панам да ел, данам да ел. Саған арқа сүйедім, содан
үйрендім» деген сөзімен сабақтасып жатыр. Қазағын іздей білетін ұстамды, жақсы
істердің ұйытқысы Үзбен ағам бірнеше рет Баян-Өлкейге шақырды. Тек 2008 жылы
ғана Моңғолияға, қазағымның өз өлкесіне айналған аймаққа жол түсті. Отбасында
болып, дастарханынан дәм таттым. Аяулы да алтын, жылы шыырайлы Әскерхан жеңгей
қандай керемет жан еді. Кең зәулім ғимаратты шаңырағының жанындағы қазақ
ұлттының рухты көтерген әсем безендірілген киіз үйі көңілден кетпейді. Небір
мәртебелі меймандар осы киіз үйден дәм татады екен. Ұрпақтар сабақтастығына
айналған. Бәріненде аймақтағы ағайындар арасындағы орсан зор беделін
айтсаңызшы. Моңғолия Үкіметіндегі басшы адамдардың өзі Үзбен ағамен санасатынын
көрдім. Ел Президенті құрметтейтінін көрдім. Аумақ әкімдері ұстазындай
сыйлайтынын көрдім. Сонда нағыз тұлға, қазақ ағайындарының көшбасшысын көрдім.
Адамды іс-әрекетінен, атқарған жұмысынан танисың ғой. Мұндайда «Соншама не
атқарды?» деген сұрақ қойылатыны заңды. Мен білетін қайраткер Құрманбайұлының 7
қыры мен сыры төмендегіше: 1. Қазақстан мен Монғолия Баян-Өлгей аймағын
жақындату үшін тұңғыш рет Алматы Баян-Өлгей арасына телефон, телеграф
каналдарын ашты. 2. Қазақстанның ұлттық телевизия арнасын Баян Өлгей ауқымына
таратты. 3. Алматы мен Баян Өлгей аралығына алғаш рет жол ашты! Тікелей
атсалысуының арқасында жолаушылар ұшағын ұшырды. 4. Әрбір жыл Баян Өлгейдегі
100 баланы Қазақстанда тегін оқытудың жолын ашты, осы істердің барлығын
Президенттің қолдауына ие болды. 5. Қазақстанға келген соң да қарап қалмай
қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Қазақ тілінің, қандастарының жанашыры.
Қазақ елінің өркендеуіне септігін тигізуге, қадірлі, үлгілі, береке бірлікте
болуға шақырған, «Қандастар» қоғамдық бірлестігін құрып, бұл іске қазағым деген
адамды жұмылдырып жүр. 6. Марк Твен айтпақшы «Керең еститін, зағип көретін тіл
–мейірім».Жүрегінің өзі тек мейрімділіктен жаралған. Қалам тербейтін тақырыбы
да – мейірім. Сондықтанда мейірімділік туралы бірнеше кітаптар жазды. Соның бір
дәлелі «Адамзаттың ақ жолын Мейірімділік заңдылығы ғана ашады» және «Менің
Астанам – Ғажайып қала» атты кітаптарын бүгін алдарыңызға ұсынып отыр. 7.
Қалдарбек Найманбаев атындағы «Әлем Қазақтары» журналын ашуының өзі үлкен ерлік
дер едім. Шеттегі қандастарымызды туған Отанына, қара шаңырағына оралтып, бар
қазақты бір қазақ ету арқылы қазақтың санын молайту мүмкіндігін жан-жақты
қарастырған «Әлем Қазақтары» журналы маңызды міндет атқаратыны сөзсіз. Қысқасы
бұл журнал мемлекетіміздің демографиялық саясатын жүзеге асыруға алатын орны
зор екендігі анық. Көрнекті британия мемлекет қайраткері Уинстон Черчилльдің
мына сөзі есімде сақталып қалыпты: «Мемлекеттік қайраткерлердің саясатшыдан
айырмасы: саясатшы – келесі сайлаудың, мемлекеттік қайраткер болшақ ұрпақтың
қамын жейді». Мен білетін қайраткер Құрманбайұлы қаншама лауазымды қызметтер
атқарса да сабырлық мінезін өзгертпеген, әділдікті ту еткен, ұлт намысын
қорғауда қарап отыра алмайтын тынымсыз жан. Зейнеткерлікке шықтым деп жеке өз
ұрпағының жайымен жүрсе де ешкім ештеңе дей алмас. Қайта жеке басының қамын
ойласа жағдайы мықты қазақтың бірі болар еді. Бірақ ол жолды таңдамады. Ол
азаматтық, тұлғалы жолды таңдады. Жамандыққа жасымайтын, қуанышқа тасымайтын,
бардың қадірін білетін, жоқты іздеуге сабыры жүретін қасиетінен айналасың. Жолыққанда
жарқырайтын, тау суындай сарқырайтын, ол алысын жақын ете білетін, жақынын асыл
ете білетін, үнемі қазағым деп жүретін, адамдық қалыпты ту етіп ұстайтын,
адамгершілікті аласартып алмайтын, ешқашанда қиянатқа бармайтын, үзілгенді
жалғайтын, өмірін ұлтына арнайтын, ар-ұяты кемел, ақыл-парасаты кең кісі!
«Алаш» партиясының жетекшісі Әлихан Бөкейхан айтпақшы «Елдің тұрмысын, тілін,
мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды». Ия, бүгінде 75 жастың
асуынан асқан тау тұлғалы қасиетімен ұлтына қызмет етіп жүрген,
қабілет-қарымын, күш-қуатын барынша елім деп жұмсап жүрген Үзбен Құрманбайұлы
үшін мақтанамын! Өйткені мақатануға тұрар азамат, нағыз қайраткер!
Әкім Ысқақ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері, ҚР Парламенті бірінші шақырылымының депутаты, тұңғыш қазақ
тіліндегі заңның авторы, Қазақстан Жазушылар Одағының, Қазақстан Композиторлар
Одағының мүшесі, Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам аудандарының құрметті азаматы. 15 қараша 2024 жыл, Астана
қаласы