Келесі ойынды Қырғызстан одан кейіңгісіне Ресей де өтінім
берді.
Өзбекстан неліктен бас
тартты? Өйткені олар ақша санауды біледі.
Президент Тоқаев су тасқынына байланысты ойындардың
қысқартылған форматта өтетінін айтқанымен, оларға 8 миллиард теңге (шамамен
16,7 миллион доллар) жұмсалды.
2018 жылы Қырғызстанда
өткен ойындарға 303,1 миллион сом жұмсалған. Бұл сол кездегі бағам бойынша
шамамен $4,3 млн (1,7 млрд теңге).
Бұл ретте, деп жазады Inbusiness.kz, «Бюджеттің басым
бөлігі этно-ауылды жабдықтауға кеткен сияқты, сондықтан Қазақстан оған барынша
көп мемлекеттерді тартуға тырысты, қатысушы елдердің географиясын барынша
кеңейтті.
Кейбір елдердің қатысуын Қазақстан бюджеті қаржыландырды.
Бұл ойындарға алғаш рет Ирландия, Венесуэла, Лаос, Гамбия
елдерінің өкілдері қатысты. Қазақстаннан ең шалғайдағы Австралиядан да спортшы
шақырылды.
Қазақстан «барлық континенттердің өкілдері қатысып жатыр»
деп мақтанышпен мәлімдеген еді.
Алайда, ойын басталғанда кейбір шақырылған елдердің
спортшылары келмегені белгілі болды. Бірақ еріктілер келмеген елдердің туын
көтеріп шықты.
Сондықтан Өзбекстан пайдасыз шараға қатыспауды ұйғарды.
Қырғыздар да қарапайым өткізуге тырысады. Ал енді Ресейдің шараны түрлендіріп
өткізуіне шамасы да қаражаты да жетеді.
Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 8 миллиард,
АЭС салуға арналған референдумға 15 миллиард жұмсадық. Елде 1 миллионнан астам қазақстандық ең
төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүріп жатыр. Бұл жалпы халықтың
5,1 пайызы кедейлікте өмір сүреді дегенді білдіреді.
Көшпенділер ойынындағы қырғыз көкпаршылармен талас
халықаралық деңгейдегі жанжалды туғызып жібере жаздады.
Екі жақтың да популистері екі халық аямай сынап жатыр.
Мұның барлығы екі елдің әлеуметтік қатынасына әсер етері сөзсіз. Ұлттық спорт
комитеті шұғыл түрде Қырғыздың спорт басшыларымен кездесіп, мәмілеге келуі
керек.
Жалпы әлемдік экономика қарқынды дамып, үшінші
дүниежүзілік соғыс басталып кетудің алдында тұрғанда, дүниежүзінде миллиондаған
халық елінен босып, аштық пен ауру, соғыстан зардап шегіп жатқанда осындай елге
пайдасыз популистік шаралардан үзілді-кесілді бас тарту қажет. Одан да ел
экономикасын, қорғаныс саласын дамыту, инфрақұрылымдар мен ірі өндіріс
ошақтарын салып, халықты жұмыспен қамтуды басты мәселе етіп қою керек сияқты.
Ертең еліміз байып, төрт қабырғасы түгендегенде ғана түрлі рухани, мәдени,
спорттық шараларды күнде өткізем десе де қарны тоқ, жағдайы жақсы халық қолдары
сөзсіз.
Асылбек Байжұмаұлы