Өзбекстан өз елтаңбасын өзгертуді қарастыруда

42

28.05.2026. Munarmedia.kz. АСТАНА — Өзбекстан сенаторы, елдің Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков республика елтаңбасындағы мақта мен бидай бейнелеріне қатысты пікір білдіріп, бұл символдарды кеңестік мұраның жалғасы деп бағалады.

Сенатордың айтуынша, 1992 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін де елтаңбада мақта мен бидайдың сақталуы сол кезеңдегі саяси алаңдаушылық пен бұрынғы жүйеден толықтай ажырамаудың көрінісі болған.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін де біздің елтаңбада мақта мен бидай қалды. Бірақ неге дәл осы дақылдар? Ауыл шаруашылығы өнімдері біздің әлеуметтік әрі рухани болмысымызды айқындауы керек пе еді? Ғасырлар бойғы арманымызды, ұлы мақсаттарымызды және рухани “менімізді” осы белгілер арқылы көрсетуіміз қажет болды ма? Демек, тәуелсіздік алғаннан кейін де идеологиялық тұрғыдан бір аяғымыз бұрынғы жүйенің қирандыларында қалып қойды», — деді сенатор.

Рафиковтың бұл мәлімдемесі әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Кейбір қолданушылар елтаңбаны жаңарту идеясын қолдаса, енді бірі елде шешімін күткен маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелер жеткілікті екенін алға тартты.

Пікірталас барысында мақта өндірісі мәселесі де көтерілді. Кеңес дәуірінде Өзбекстан мақта өндіру бойынша әлемдегі жетекші аймақтардың бірі болған. Алайда қазіргі таңда республика өндіріс көлемі бойынша сегізінші орынға түскен. Бұған қоса, 2025 жылы Өзбекстан АҚШ-пен үш жылдық келісімшарт жасап, 100 мың тонна америкалық мақта сатып алуға уағдаласқан. Әлеуметтік желі қолданушылары мұны елдің аграрлық беделіне нұқсан келтіретін жағдай ретінде бағалауда.

Сонымен қатар, елдің ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі проблемалардың бірі — су тапшылығы екені айтылды. Әсіресе Сурхандария мен Хорезм облыстарындағы фермерлер суармалы су үшін соттасуға дейін барып жатқан көрінеді.

Өзбекстанның экс-депутаты Елена Бабенко да бұл мәселеге қатысты пікір білдірді.

«Тұрғын үй-коммуналдық тарифтері, жұмыспен қамту, жергілікті жерлердегі жемқорлық немесе ирригация жүйесін жаңғырту сияқты нақты проблемаларды талқылау қызықсыз шығар. Оның орнына елдің басты символы туралы ой қозғап, өз маңыздылығын көрсету әлдеқайда оңай. Бірақ ешкім референдум тетігін де, елтаңбаны ауыстыру шығындарын да есептеп жатқан жоқ. Масақ пен мақта — әлі күнге дейін еңбегінің өтемін күтіп жүрген диқандарға деген құрмет белгісі», — деді ол.

Әлеуметтік желі қолданушылары сенатордың өз саласындағы мәселелерге де назар аударуы қажет екенін жазуда.

«Кәсіподақтар федерациясы төрағасының басқа шаруасы жоқ па? Елде еңбек кодексі толық сақталып отыр ма, жалақы уақытылы әрі толық төлене ме, жұмысшыларды қанау жоқ па? Елтаңбаны өзгертсек, бәрі бірден жақсарып кететіндей көрінеді», — деп жазады пікір білдірушілер.

Көпшілік елтаңбаны өзгерту айтарлықтай қаржылық шығынды талап ететінін де атап өтті. Олардың пікірінше, жаңа рәміз қабылданса, мемлекеттік мекемелердегі барлық атрибуттарды кезең-кезеңімен ауыстыруға, құжаттарды жаңартуға миллиардтаған сум қажет болады.

Сондай-ақ желі қолданушылары көрші елдердің рәміздерді өзгерту тәжірибесін мысалға келтіріп, мұндай қадам құжат айналымы мен шекарадағы рәсімдерге де әсер етуі мүмкін екенін айтуда.

#Өзбекстан #КудратиллаРафиков #елтаңба #мақта #бидай #КСРО #саясат #ауылшаруашылығы #Munarmedia #Астана