Өзен кәріз құдығына айналды: Қарағандыда ТЖ не себепті жарияланды?

32



Munarmedia.kz 19.10.2025 /Астана/ Қарағандыда төтенше жағдай (ТЖ) режимі кәріз жүйесіне байланысты жарияланған болатын. Ресми түсініктеме — канализациялық коллектордың бір бөлігін жедел ауыстыру қажеттілігі. Бірақ, мамандардың айтуынша, жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Бар даудың басы — Малая Букпа өзеніне кәріз қалдықтарының төгілуінен басталды. Фёдоров саяжайларында орналасқан «Қарағанды Су» компаниясының сорғы стансасы лас суды тікелей өзенге айдап жатқанын қоғамдық белсенділер байқап қалған.

Жағдайдың ушығуына себеп – бірқатар үйлердің қаланың басты коллекторының үстіне салынып кетуі, ал кәріз құдықтарының көбі тікелей саяжай аумақтарында орналасқан.


«Әлдебір тұста құбыр бітеліп қалған болуы мүмкін. Бірақ кәріз қалдықтарын өзенге айдау — бұл барып тұрған бассыздық! Малая Букпа өзенінен небәрі 500 метр жерде Фёдоров су қоймасы орналасқан. Оның шлюздері герметикалық емес. Көктемде шлюз ашылғанда, бүкіл лас су қоймаға кетеді. Бұл бір күннің емес, бірнеше уақыт бойы жалғасып келе жатқан ластану. Ал ол су қоймасы – стратегиялық нысан! Ақыр соңында бәрін денсаулығымызбен төлеуге тура келеді», – дейді қоғам белсендісі Жұмабай Ысқақов.


Ол бұл жағдайға қатысты Экология департаментіне, табиғат қорғау прокуратурасына және су ресурстары инспекциясына ресми шағым жолдаған.

Дауға жауап берген «Қарағанды Су» компаниясының бас директоры Ербол Төлеуов мәселені мойындады:

«Иә, біз Букпаға кәріз төктік. Басқа қайда ағызамыз? Су қоймаға ма? Әлде саяжай үйлерді басып кетсін бе?» – деп ашық айтты ол.

Оның сөзіне қарағанда, дачалық массив әуелден — кеңес дәуірінен бері — басты магистральды коллектордың үстіне дұрыс жобаланбай салынып кеткен. Енді бұл мәселені шешу үшін саяжайларды айналып өтетін, шамамен 3 шақырым болатын жаңа канализациялық бағыт салу жоспарланған.

Жұмысты жеделдету мақсатында Қарағанды қаласының әкімі арнайы төтенше жағдай режимін енгізген.


 Бұл оқиға – тек бір өңірдің емес, еліміздегі инфрақұрылым мен экологиялық қауіпсіздік мәселесіне қатысты жүйелі кемшіліктердің көрінісі. Қоғам дабыл қағып отыр. Енді сұрақ — билік өкілдері бұл үндеуге құлақ аса ма?