Дәрігер ұйықтап жатқанда — бала комаға түсті: Арыстағы ауруханада жанжал

39

Munarmedia.kz 19.10.2025 /Астана/ Арыс қаласының орталық ауруханасында төрт жасар бала Алирахман Сейтханның комаға түсуі елді дүр сілкіндірді. Оның ата-анасы баланың ауыр хәлге душар болуына дежур дәрігердің салғырттығы себеп болды деп отыр. Олардың айтуынша, дәрігер ұйықтап жатқан, ал бала құрысып, өлім аузында жатқан.


Ұлжалғас Жүзей есімді анасының айтуынша, өткен аптада ұлы қызу көтеріп, әлсіздікпен үйге оралған. Түнгі сағат үш шамасында кенеттен ұстамалар басталып, ата-анасы дереу жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жеткен.

Алты сағат бойы медбике кезекші дәрігерді оята алмады. Баламның хәлі нашарлап бара жатты, бірақ ешкім көмек көрсеткен жоқ. Егер дер кезінде көмек көрсетілсе, мүмкін комаға түспес еді, — дейді баланың анасы.

Әкесі, Муазхан Маутов, жағдайдың тым өрескел екенін айтады:

Медбике бізді қабылдады, бірақ үйге қайтармақ болды. Құрысу қайталанған кезде дәрігерді сұрадық. Медбике үш рет оятуға тырысыпты. Бірақ нәтиже болмаған. Бұл – жауапсыздық. Қазір ұлым комада.

Бала тек таңғы 9-да, кезекші дәрігер ауысқанда ғана тексерілген. Бірақ ол кезде тым кеш еді — бала ес-түссіз күйге түскен.


Анасының айтуынша, жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай отыр. МРТ де, компьютерлік томография да жоқ. Қажетті құрылғылардың болмауы салдарынан баланың нақты диагнозын анықтау мүмкін емес.

Дүйсенбіге дейін ештеңе істемеді. Бізге тек «жағдайы ауыр» дегенді қайталай береді. Талдау да алынбаған. Енді ғана қозғалыс байқалды.

Облыс орталығына тасымалдауға дәрігерлер батпай отыр — жолда баланың жағдайы одан әрі нашарлап кетуі мүмкін дейді.


Аурухананың бас дәрігері Марат Төлегенов болса, ата-ананың сөзін жоққа шығарып отыр:

— Сол түні 35 науқас болды. Ал «дәрігер алты сағат бойы ұйықтады» деген — шындыққа жанаспайды. Дәрігер басқа пациенттерді қарап жүрген. Қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр.

Бірақ бұл сөз ата-ананың жанайқайын сейілткен жоқ. Алирахман Сейтхан — қазір бір аптадан бері ес-түссіз жатыр. Дәрігерлер болса біресе «инфекция», біресе «миға қан құйылу» деген болжамдар айтып, нақты диагноз қоя алмай әлек.


Бала тағдырына қатысты жауапкершілік кімнің мойнында?
Ата-ана болса, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен араласуды және кінәлілердің жазалануын талап етіп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін де Жамбыл облысында алты жастағы бала медициналық көмексіз қалып, кенеттен көз жұмған еді. Ол 29 қыркүйектен бастап жағдайы нашар екенін айтса да, тиісті көмек уақытында көрсетілмеген.


Фото: Pixabay