Munarmedia.kz 19.10.2025 /Астана/ Қарағандыда қазақтарға қатысты даулы жазбаларымен танылған кәсіпкер Алика Мухамадиеваға қатысты сот ісінің кезекті отырысы өтті. Бұған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен мазмұны ұлт арасына іріткі салды деген жазбалары қоғамда үлкен наразылық туғызған болатын. Айыпталушы көпшілік алдында кешірім сұрағанымен, бұл оның ісіне әсер еткен жоқ.
Сот ісі ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі — «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша қаралуда.
eKaraganda өңірлік басылымының хабарлауынша, бүгінгі отырыста прокурор сөз сөйлеп, жарияланған жазбалар қоғамда теріс пікір тудырып, діни және этностық негіздегі жанжалға ұласуы мүмкін деген сараптама қорытындысын алға тартты.
Осыған байланысты прокурор Алика Мухамадиеваға 4,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот соңғы сөз бен үкім шығаруға дайындалу үшін үзіліс жариялады. Келесі отырыс 3 қарашаға белгіленді.
Фото: Instagram / gulchehra_bvs48 (видеодан кадр)