Munarmedia.kz.17.07.2025 ж. /Астана/
Қазақстан мен Ауғанстан арасында жаңа теміржол салу жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Орталық және Оңтүстік Азияны жалғайтын болашақ теміржол магистралінің негізгі қағидаттарын айқындайды. Осыған орай еліміздің Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Кабулда ресми сапармен жүр — ол тәліптер үкіметімен Трансауған көлік дәлізін дамыту, сауда-логистикалық инфрақұрылым құру мәселелерін талқылауда.
Жаңа келісім аясында Қазақстан «Түргунди – Герат» бағыты бойынша теміржол жобасын қаржыландыруға 500 миллион доллар инвестиция салуға әзір екенін ресми түрде мәлімдеді.
Алайда бұл жаңалық отандық теміржол жүйесіндегі ішкі мәселелермен қатар келгенде, қоғамда теріс реакция тудырып отыр. Ел ішінде ескі вагондар, кондиционер мен Wi-Fi-сыз жүретін пойыздар, Алматы мен Астананы жалғайтын жоғары жылдамдықты магистральдің жоқтығы, сағаттап күттіретін электричкалар мен кеңестік кезеңнен қалған вокзалдар әлі де өзекті мәселелер қатарында тұр.
Көлік саласының сарапшылары мен жолаушылар арасында «ішкі инфрақұрылым сын көтермей тұрғанда, шетелдік жобаларға жүздеген миллион қаржы бөлудің қаншалықты орынды екені» туралы сын пікірлер жиі айтыла бастады. Жаңартылмаған вагондар мен ескірген бағыттарда жолаушы қауіпсіздігі мен жайлылығы жиі назардан тыс қалып жатыр.
Соған қарамастан, ресми Астана Трансауған дәлізін аймақтық сауда мен геосаяси ықпалды кеңейту құралы ретінде қарастырып отыр. Бұл бағыт Иран мен Пәкістан порттарына балама жол ашып, Орталық Азияны Үнді мұхитымен жалғайды деп күтілуде.
Қазақстанның стратегиялық серіктес ретінде мойындалып, Ауғанстанмен тікелей теміржол байланысын орнатуы — сыртқы саясаттағы батыл қадамдардың бірі. Дегенмен, ел ішіндегі теміржол инфрақұрылымының қазіргі күйін ескерсек, бұл бастама «алдымен өз проблемамызды шешуіміз керек» деген орынды сындарды алға тартады.
Munarmedia.kz бұл мәселені жан-жақты бақылауда ұстап, отандық көлік саласындағы реформалар мен халықаралық инвестициялық саясаттың тепе-теңдігіне қатысты талдауларын жалғастырады.