Munarmedia.kz.17.07.2025 ж. /Астана/-Қазақстан азаматтығын алу немесе қалпына келтіру тәртібіне қатысты талаптар күшейтіледі. Бұл жөнінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеген жаңа бұйрық жобасында айтылған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Жоба Қазақстан Республикасының «Азаматтық туралы» Заңының 17-бабы 14-тармақшасында көрсетілген нормаларды нақтылауға бағытталған. Аталған бапта:
«Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру туралы өтініш мемлекеттік тілді бастауыш деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін және Қазақстан тарихын белгіленген көлемде білмеген жағдайда қанағаттандырылмайды» — деп жазылған.
Министрлік осы «белгіленген көлемді» нақтылап, ресми талаптарды қайта бекітпек.
Бұйрық жобасына сәйкес, азаматтық алғысы келетін үміткерлерге қойылатын жаңа талаптар мынадай:
-
Мемлекеттік тілді (қазақ тілін) бастауыш деңгейде білу – кемінде 15 балл жинауы тиіс;
-
Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша – 20 баллдан төмен болмауы керек;
-
Қазақстан тарихынан – кемінде 15 балл жинауы міндетті.
Сондай-ақ, құжатта жаңа талаптар тест сұрақтарының әр пән бойынша теңдей бөлінуін қамтамасыз ететіні және жалпы шекті балл деңгейін 10%-ға төмендететіні айтылған. Бұл өзгеріс үміткерлерге белгілі бір пән бойынша жоғары балл алып, басқаларында төмен жинау мүмкіндігін азайтып, білім деңгейін кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді.
Құжат «Ашық НҚА» (нормативтік құқықтық актілер) порталында жарияланып, 2025 жылғы 25 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Бұл бастама — мемлекеттік тілді, ел тарихын және Конституциялық негіздерді меңгеруге деген талаптың күшейтілуін білдіреді. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл шара азаматтық алуға ынталы шетел азаматтарының Қазақстан қоғамына интеграциялануын тереңдете түсуі тиіс.