Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Пашинян Әлиевке: 2026 жылға дейін уақыт берші...

78

Армения мен Әзербайжан арасында қол қойылуы тиіс бейбіт келісім жобасы әлі талқылануда. 2020 жылы болған 44 күндік соғыстан кейін тараптар қақтығыстарды келісім арқылы шешу жолдарын іздей бастады. Баку Қарабақты әскери операциямен толық азат еткеннен кейін, Ереванда бейбіт келісім жасасуды қолдайтындар саны артты. Алайда қазіргі таңда оған бірнеше кедергі бар.

Біріншіден, Армения қоғамында Қарабақтан толық бас тартуды қаламайтындар да жеткілікті. Арменияның кей БАҚ-тары оларды Қарабақта тұрған армяндар немесе билікті Қарабақ мәселесін қозғау арқылы иемденгісі келетін кландар деп атайды. Олар Әзербайжанмен келісім жасауды қолдамайды және Қарабақты қайта басып алу идеясын ұстанады.

 

Екіншіден, екі ел арасында бейбіт келісім жасасу шекараны анықтау және бекіту сұрағында екі түрлі көзқарасқа байланысты тоқтап тұр. Армения мен Әзербайжанның шекараны бекіту бойынша ұсынған карталары екі түрлі.

 

Үшіншіден, 44 күндік соғыстан кейін Армения аумағы арқылы Зангезур дәлізі ашылуы тиіс еді. Бұл Қарабақ пен Нахычеван арасын жалғап жататын маңызды күретамыр болмақ. Оған Түркия, Армения, Әзербайжан және Ресей келісім жасасты. Алайда дәліз әлі ашылмады. Оған Армения қоғамындағы қарсылық, Ресей мен Армения арасындағы саяси салқындық әсер етуде. Зангезур дәлізінің Армения арқылы өтуіне Иран билігі де наразылық танытуда.

 

Төртіншіден, Армения мен Әзербайжан арасында бейбіт келісім жасалуы үшін Арменияның конституциясы өзгеруі тиіс. Себебі, Әзербайжан басшысы Әлиевтің пікірінше Арменияның қазіргі конституциясында Әзербайжан жерінің тұтастығына күмән келтіретін тұстары бар.

 

Армения БАҚ-тары конституцияны өзгерту үшін Пашинянның Әлиевтен уақыт беруін сұрағанын жазуда. Бұл туралы «Грапарак» газеті жазды. Газеттің ақпаратынша Пашинян 2026 жылы Арменияда өтетін парламент сайлауынан кейін конституцияны өзгертуге дайын. Қазіргі таңда армян премьері конституциялық реформа бойынша комиссияға конституцияны өзгертуге қатысты концепция әзірлеуге тапсырма берген.

 

Сарапшылар Армения қоғамындағы саяси дағдарыс жақын аралықта үлкен қақтығыстарға әкелуі мүмкін деп санайды. Арменияның Ресеймен жанжалы, Ереванның ҰҚШҰ-дан шығуға ұмтылысы, Арменияның АҚШ және ЕО-мен жақындасуы, Әзербайжанның Армения конституциясын өзгертуді талап етуі, Армения қоғамындағы Қарабақ соғысына қатысты екі түрлі көзқарас, экономиканың нашарлауы Армения ішінде үлкен дүрбелең, қақтығыс туындатуы мүмкін.


Mezgil.kz