Ресей Президенті Владимир Путин Мәскеуде өткен "Отанды қорғау" қорының өкілдері мен қолдаушыларына арнаған сөзінде Ресейдің жаулары Наполеонның Ресейге жасаған шапқыншылығы кезеңіне қайта оралғысы келетінін, бірақ бұл оқиғаның қалай аяқталғанын ұмытқанын мәлімдеді.
"Наполеон дәуірінің қалай аяқталғанын ұмытып, сол кезеңге қайта оралғысы келетіндер әлі де бар", – деді Ресей басшысы.
Франция Президенті Эммануэль Макрон 2025 жылғы 5 наурызда француз халқына арнаған үндеуінде Ресейді "көп жылдар бойы Франция мен Еуропаға қауіп төндіріп келеді" деп айыптап, оны "Украинадағы қақтығысты жаһандық соғысқа айналдыруға ұмтылуда" деп сынға алды.
Франция көшбасшысы Еуропалық одақтағы одақтастарымен Францияның ядролық қаруымен қорғану мәселесі бойынша келіссөздер бастауды жоспарлап отырғанын атап өтіп, өз елінің ядролық арсеналын бақылауда ұстай беретінін мәлімдеді.
Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Франция Президентінің бұл мәлімдемесіне пікір білдіріп, Макронның ядролық қару жөніндегі сөзі Ресейге қауіп төндіретінін және оны Наполеонмен салыстыруға болатынын айтты.
Сонымен қатар, Лавров Франция басшысының Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесуге ниетті екенін "жүйелі түрде мәлімдеп отыратынын" еске салды.
Ресейдің сыртқы істер ведомствосының басшысы Макронның Путинмен байланыс орнатуға мүмкіндігі бар екенін, оған ешкім тыйым салмайтынын және Ресей басшысының "әрдайым әріптестерімен диалогқа ашық екенін" атап өтті.