Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Путин НАТО-ның шығысқа кеңеюін тоқтату және санкцияларды ішінара жою туралы жазбаша уәде талап етуде — Reuters

55




Ресей президенті Владимир Путин Украинамен бейбіт келісімге келу үшін Батыстан бірқатар талаптар қойып отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі Ресей билігіне жақын үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

🔵 НАТО-ға мүше болмау туралы жазбаша кепілдік

Путиннің басты шарты — НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюін тоқтату жөнінде жетекші батыс мемлекеттерінен жазбаша уәде алу. Бұл, Reuters-тің пайымдауынша, Украина, Грузия, Молдова және басқа да бұрынғы кеңестік республикалардың альянсқа мүше болу мүмкіндігін формалды түрде алып тастауға бағытталған.

🔵 Украинаның бейтарап мәртебесі және санкциялардың жеңілдеуі

Сондай-ақ Мәскеу Украинаның бейтарап мәртебесін, ел ішіндегі орыстілді халықтың құқығын қорғауды, Батыстың кейбір санкцияларын жоюды және Ресейдің шетелдегі мұздатылған активтері мәселесін шешуді талап етеді. Дереккөздердің бірі: «Путин бейбіт келісімге дайын, бірақ кез келген шартқа келісе салмайды», — деп атап өтті.

🔵 Әскери қысым тактикасы

Агенттікпен сөйлескендердің бірі, егер Путин өз шарттарына сәйкес келісімге қол жеткізе алмайтынын түсінсе, Украина мен Еуропаға әскери жеңістер арқылы қысым көрсетіп, «ертеңгі бейбіт күннің бұдан да ауыр болатынын» дәлелдеуге тырысады деп мәлімдеген.

Сондай-ақ, ол Кремль тактикалық артықшылық байқаса, Украинаға тереңірек басып кіруге дайын екенін, әрі санкциялар мен экономикалық қиындықтарға қарамастан, Ресейдің ұзаққа созылған соғысқа төтеп бере алатынын айтқан.

🔵 Территориялық талаптар

Екінші дереккөздің мәліметінше, Путин территория мәселесінде ұстанымын қатайтып отыр. Енді ол ресми түрде мәлімдеп жүрген — Ресей ішінара оккупациялап отырған төрт украин облысын (Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон) толықтай иемденуді көздейді.

🔵 АҚШ-пен байланыс және меморандум

Reuters жазуынша, Владимир Путин АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, Украинамен атысты тоқтату мерзімдерін және бейбіт келісімнің жалпы параметрлерін қамтитын меморандум дайындауға келіскенін айтқан. Алайда кейін Ресей бұл құжаттың өз нұсқасын әзірлеп жатқанын және оның қашан дайын болатынын айтуға дайын емес екенін мәлімдеді.

📷 Фото: Александр Казаков / Sputnik / Kremlin Pool