Ресей президенті Владимир Путин ресейліктерге арнаған бейнеүндеуінде Ресей эскалацияға «қатал және симметриялы» түрде жауап беретінін мәлімдеді.
Сөзінің басында ол Брянск және Курск облыстарындағы әскери нысандарға Батыстың зымырандарымен соққы жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, Батыс зымырандарының Ресей аумағына соққы беруі Украинадағы қақтығысты ғаламдық сипатқа жеткізді.
Ресей Федерациясы өз аумағына жасалған зымыран шабуылына жауап ретінде Оңтүшмашқа ядролық емес гипердыбыстық баллистикалық зымыранмен соққы жасағанын хабарлады.
«Ресей Қарулы Күштері Украина қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің нысандарына АҚШ пен Ұлыбритания қару-жарағының Ресейге жасалған соққыларына жауап ретінде біріктірілген соққы жасады», – деді ол.
Путин Ресейдің Украинаға шабуылдаушы қару-жарақ жеткізген елдердің әскери нысандарына қарсы қару қолдану құқығын өзіне қалдыратынын ескертті.
Путин сондай-ақ, зымырандарды қолдану кезінде Украина бейбіт тұрғындарына қауіпті аймақты алдын ала тастап шығуды ұсынатынын айтты.