Қаракемердегі мектеп оқушылары арасындағы бопсалау ісі сотқа жетті

56

Munarmedia.kz-11.11.2026ж/Астана/-Жамбыл облысының прокурорлары Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылындағы мектеп оқушылары арасындағы бопсалау және үш жасөспірімді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу мәліметінше, мектеп оқушылары арасында өзіндік иерархиясы, бағыну тәртібі мен жазалау жүйесі бар бейресми құрылым қалыптасқан. Оны оқушылар арасында «Система» деп атаған.

Екі кәмелетке толмаған жасөспірімге бопсалау және суицидке итермелеу баптары бойынша айып тағылып, олар қамауға алынған. Тағы бес жасөспірім бопсалады деген күдікке ілінген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Алайда қолда бар мәліметтерге қарағанда, Қаракемер ауылында өткен жылдың желтоқсанынан биылғы сәуір айына дейін кәмелетке толмаған бес бала өз-өзіне қол жұмсаған. Оның үшеуіне қатысты істі арнайы прокурорлар тергеген. Қалған екі істің біреуі қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылса, екіншісі бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, осы қылмыстық іс бойынша 52 оқушы жәбірленуші деп танылған. Ақпарат көздерінің мәліметінше, жоғары сынып оқушылары кіші сыныптағыларды жүйелі түрде қорқытып, ұрып-соғумен қоқан-лоқы жасаған. Оларға физикалық және психологиялық қысым көрсетіп, қатарластарынан оқшаулаған әрі ақша талап еткен.

Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне қатысты да бопсалау және қылмысты жасыру фактілері бойынша жеке қылмыстық істер тіркелген. Оларды полиция тергеп жатыр.

Арнайы прокурорлар облыс әкімі мен полиция департаментінің басшысына заңбұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныстар енгізген.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, жеті жасөспірімге қатысты сот отырысы 19 қарашаға белгіленген. Прокуратура «Система» деп аталған бейресми құрылымның қызметі тоқтатылғанын мәлімдеді. Ал айыпталушылардың кінәсі сотта анықталуға тиіс.

Айта кетейік, Жамбыл облысының прокурорлары былтыр да жасөспірімді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық істі сотқа жолдаған. Сол кезде екі оқушы мен олардың ересек сыныптасы сот үкімімен жазаға тартылған.

Бұл жолғы істің қалай аяқталатынын да бақылауда ұстаймыз.

#ЖамбылОблысы #Қаракемер #МектептегіЗорлық #Бопсалау #БалаларҚауіпсіздігі #Жасөспірімдер