Қашаған кең орнын игерушілер Астана сотында жеңілді

84

Munarmedia.kz 18.04.2026 /Astana/ – Қашаған кен орнын игерушілер Astana қаласында 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұл бойынша апелляциядан жеңілді. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

Соттың 8 сәуірдегі шешіміне сәйкес, Қашаған жобасын іске асырушыларға қатысты бұған дейін шығарылған 2,356 трлн теңге көлеміндегі айыппұл күшінде қалдырылды. Айыппұл кен орнында күкірттің шамадан тыс сақталуына байланысты салынған. Бұл туралы ҚР Экология министрлігінің жауабына сілтеме жасалған.

Кен орнын оператор – North Caspian Operating Company (NCOC) сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Компания өз кезегінде күкіртті қайта өңдеу қызметі заң талаптарына толық сәйкес келетінін алға тартты.

Сонымен қатар компания мен оның акционерлері бұл шешімге байланысты өз құқықтарын қорғау үшін барлық қолжетімді тетіктерді пайдаланатынын жеткізді.

Аталған айыппұл Қашағанға қатысты 166 млрд долларлық ауқымды халықаралық арбитраждық даумен де байланысты. Бұл талаптардың басым бөлігі жіберіп алған пайдаға қатысты болса, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген залал мен сыбайлас жемқорлыққа байланысты шығындарды да қамтиды.

2026 жылдың ақпанында Қашағанды игерушілер 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлды даулау үшін халықаралық арбитраж бастады.

Еске салсақ, 2023 жылдың басында Қазақстан Үкіметі Қашаған жобасын басқаратын North Caspian Operating Company консорциумын кен орнында күкірттің шамадан тыс сақталуына байланысты 2,3 трлн теңге (шамамен 4,8 млрд доллар) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеген еді. Кейін компания бұл шешімге шағым түсірген.

NCOC апелляциялық сот шешімін жою үшін Қазақстанның Жоғарғы сотына да жүгінген. Апелляциялық инстанция үкіметтің кен орнында күкірттің шамадан тыс сақталғаны және су тазарту мен шығарындыларға қатысты өзге де заңбұзушылықтар туралы уәждерін қолдаған болатын.

Айта кетейік, 2025 жылдың тамыз айының басында Астана соты процессуалдық бұзушылықтарға байланысты Атырау облыстық экология департаментінің NCOC-қа қатысты ұйғарымының күшін жойған. Ал 2025 жылдың желтоқсанында сот компанияның апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартқан еді.

#Қашаған #NCOC #сот #экология #мұнайгаз #Қазақстан