Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Қазақ Тәңірі оянды ма? Бүгін тенгрианды ресми концессия ретінде тіркеу петициясына жиналған қол саны мыңнан асты

42



Бүгін үкіметтің ресми петициялық e-petition сайтында Ерлан Еспенбетовтың тәңіршілдікті ресми концессия ретінде қабылдауға бағытталған петициясы мыңнан астам қол жинады. Бұл оқиға Қазақстанда ұлттық болмыс пен тарихи тамырларды қайта жаңғыртуға қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бірақ тенгризмнің бүгінгі Қазақстанда болашағы бар ма?

Бұған дейін петиция авторы, руника зерттеушісі Ерлан Еспенбетов "Тәңір Елі" республикалық діни бірлестігін ресми тіркету бойынша және Тәңірлікті ислам, христиан, иудаизм мен буддизммен қатар Қазақстанда мойындалған дін ретінде қарастыруға қатысты «Алаш онлайн» сервисінде бейресми петиция жариялаған болатын. Бірақ оның нәтижелері Қазақстанда ресми мойындалмайтын болғандықтан, петиция «E-Petition» сервисіне ауысты. Петиция тиісті қол жинайтын болса, тәңіризмге Мәдениет және Ақпарат министрлігінің Дін істері комитетіне бекітілген тәртіппен тіркелу керек.

«Тәңіршілдіктің дін болғаны қазаққа керек пе деген сұрақ өте қиын болып тұр. Бұл наным ретінде жақсы жүреді. Ал догма ретінде қалыптасып, өзінің кітабы болса, тиымы болса, оның басқа діндерден еш айырмашылығы болмайды», - дереккөзінің бірі, түркітанушы ғалым.



Оның айтуынша, тенгризм наным, ішкі ұстаным ретінде әлдеқайда таза, кіршіксіз көрінетін сияқты. Догмалық діндерге кір жұғады, себебі олар күнә мен жаза, ізгі іс пен марапат системасына негізделген. Ал тәңірлік наным ретінде догмадан ада, сондықтан оған кір жұға бермейді.

Бүгіндері Дін істері комитеті мәліметінше, қазір елімізде 18 конфессияны қамтитын 3977 діни бірлестік тіркелген. Оның ішінде, 2835 - исламдық, 347 - православие, 93 - католик, 586 - протестант, 61 - Ехоба куәгерлері, 24 - Жаңаапостолдық шіркеу, 13 - Кришна санасы қоғамы, 7 - иудаизм, 6 - бахаи, 2 - буддизм, 2 - соңғы күнгі әулиелер (мормондар), 1 - муниттер. Ал жалпы 3776 діни ғимарат бар. Оның ішінде 2834 - мешіт, 304 - православие шіркеуі, 117 - католик шіркеуі, 424 - протестанттық ғибадат үйі, 57 - Ехоба куәгерлерінің ғибадат үйі, 24 - Жаңа апостол шіркеуінің үйі, 6 - синагог, 2 - Бахаи ғибадат үйлері, 5 - Кришна ғибадатханалары, 2 - буддисттік ғибадатхана, 1 - муниттер үйі.

Түркітанушы ғалымның сөзінше, біздегі тәңіршілдерді негізінен үш бағытқа бөлуге болады.

1. Секталық, діни сипатта даму керек дейтін топ. Бірақ, олар көп емес. Ол секта исламның қағидаларын қазақшалап алып, соны таратуда. Мысалы, “Амин” дегенді “Өмін” деп бет сипатады.

2. Тәңірлікті саяси қозғалыс ретінде көретін топ. Бұлар секта емес, ұлттық партия жолымен жүргісі келеді. Олар да аз.

3. Этнозерттеушілер тобы. Олар тәңірлікті дін деп қабылдамайды. Олар үшін бұл байырғы көшпелілер дүниетанымы ғана. Олар осы дәстүрді сақтап қалуға тырысады.

Дегенмен, 2024 жылдан бастап жастар арасында тенгризмнің модаға айналып келе жатқаны байқалады. Әлеуметтік желілерде бұл бағытты қолдайтын топтар мен парақшалар көбеюде, олар ежелгі қазақ дүниетанымын қайта жаңғыртуды ұсынады.

Егер петиция қарқын алса, болашақта тәңіршілдік ресми түрде мойындалуы мүмкін. Себебі, Жаңа Қазақстан барлық үмітін тек қана исламға артпай, дін мәселесінде диверсификация жолдарын қарастыруда. Тым радикалданып бара жатқан исламға альтернатива болатын, қазақы төл жол керек деген дауыстар да жиі шыға бастады.

DALA INSIDE