Қазақстан Камбоджаға астық пен тыңайтқыш экспортын ұлғайтуға дайын

57

Munarmedia.kz | 19.07.2026 | ASTANA Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда өткен Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференция аясында Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Камбоджа арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және өзара тиімді әріптестіктің жаңа бағыттарын талқылады.

Мемлекет басшысы екіжақты сауда айналымын ұлғайтуға ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі, туризм, құрылыс, тамақ өнеркәсібі, көлік және логистика салаларында зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Камбоджа нарығына астық, минералды тыңайтқыштар және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыруға дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар Президент цифрлық мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибемен бөлісуге әзір екенін айтты. Оның сөзінше, Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауы бойынша Қазақстан электрондық үкіметті дамыту деңгейі жөнінен әлемдегі көшбасшы 24 елдің қатарына кіреді.

Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты байланыстарды нығайту және өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін растады.

#MunarMedia #ASTANA #Тоқаев #Камбоджа #ХунМанет #Қазақстан #Экспорт #Астық #АуылШаруашылығы #Сауда #Логистика #ЭлектрондықҮкімет