Тоқаев Шанхайдағы екі күндік сапарында Қытаймен ондаған инвестициялық келісімге қол жеткізді

54

Munarmedia.kz | 19.07.2026 | ASTANA Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың Шанхай қаласына жасаған екі күндік жұмыс сапары аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізіп, ірі инвестициялық жобаларды талқылады және Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияда сөз сөйледі.

Сапардың алғашқы күні Мемлекет басшысы Қытайдың жетекші бизнес өкілдерімен дөңгелек үстел отырысын өткізді. Президенттің айтуынша, Қытай Қазақстан экономикасына бүгінге дейін 30 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйған. Қазіргі таңда елімізде қытай капиталының қатысуымен 8 500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында CNPC, CITIC және Huawei секілді ірі компаниялар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық инвесторларды Қазақстандағы жаңа жобаларға белсенді қатысуға шақырды. Атап айтқанда, «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» (Data Center Valley), логистика, агроөнеркәсіп кешені және Алатау қаласын дамыту бағыттарындағы мүмкіндіктер таныстырылды. Президент Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі тұрақты бизнес-ахуалды қамтамасыз ету саясатын жалғастыратынын атап өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысында 17 келісімге қол қойылды. Олардың бір бөлігі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа арналды.

Сонымен қатар:

  • «Кармет» кәсіпорны үшін кокс батареялары кешені мен кокстық газды тазарту жүйесін салу;

  • Li Auto автокөліктерін «Аллюр» компаниялар тобымен бірлесіп өндіру;

  • Құрық теңіз портында көпфункционалды терминал тұрғызу;

  • OMODA және JAECOO брендтерінің автокөліктерін Astana Motors компаниясымен бірлесіп шығару жобалары бойынша келісімдер жасалды.

Жалпы сапар барысында Қазақстан мен Қытай компаниялары арасында 70 келісім мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бу-газ, жел және гидроаккумуляциялық электр стансаларын салу, су есептеуіш интеллектуалды құрылғыларын жергіліктендіру, сондай-ақ «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі келісімдерді жариялады.

Сондай-ақ Contemporary Amperex Technology Co. Ltd. (CATL) компаниясының басшылығымен Қазақстанда электр көліктеріне арналған аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт салу мәселесі талқыланды.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер өткізді. Мемлекет басшысы Қытай басшысының елді дамытудағы қызметіне жоғары баға беріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Си Цзиньпин Қазақстанның Қытаймен достық және өзара сенімге негізделген саясат жүргізіп отырғанын айтып, бұл екі ел халқының ортақ мүддесіне сай келетінін жеткізді. Сондай-ақ Қытай тарапы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға оң бағасын білдірді.

Қытайдың жетекші бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Президентінің сапарына кеңінен назар аударып, оны екіжақты қарым-қатынастарды нығайтудағы маңызды оқиға ретінде бағалады.

Сапар бағдарламасының маңызды бөлігі Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу болды. Форум Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамасымен «Жасанды интеллект – игілік үшін, жасанды интеллект – баршаға» тақырыбында ұйымдастырылды.

Конференцияның ашылу рәсіміне БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Камбоджа мен Таиланд үкіметтерінің басшылары және өзге де халықаралық мәртебелі меймандар қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қытайдың жасанды интеллект технологияларын дамытудағы жетістіктеріне тоқталып, бұл бағыттағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Сонымен бірге Президент жасанды интеллекттің қауіпсіз, ашық әрі барлық мемлекеттердің игілігіне қызмет етуі қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы өз баяндамасында:

«Қазақстанда Си Цзиньпинді тарихи ауқымдағы көрнекті көшбасшы ретінде бағалайды. Оның басшылығымен Қытай жаңа жетістіктерге қол жеткізіп келеді», — деді.

Президент сондай-ақ жаһандық технологиялық өзгерістер кезеңінде мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын күшейту мен инновацияларды адамзат игілігіне пайдалану маңызды екенін атап өтті.

#MunarMedia #ASTANA #Тоқаев #Қытай #Шанхай #Қазақстан #Инвестиция #Экономика #ЖасандыИнтеллект #AI #СиЦзиньпин #ҚазақстанҚытай #ХалықаралықЫнтымақтастық