XXI ғасырдың алғашқы ширегі әлемдік саяси жүйенің терең трансформациясымен сипатталуда. Қырғи-қабақ соғыстан кейін қалыптасқан либералдық халықаралық тәртіп әлсіреп, оның орнына көпполярлы, бәсекелестігі жоғары жаңа геосаяси кеңістік қалыптасуда.
Геосаяси текетірес, цифрлық революция, жасанды интеллект, ақпараттық соғыс, климаттық өзгерістер және экономикалық тұрақсыздық ұлттық мемлекеттердің басқару стиліне өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойды.
Қазақстан да осы тарихи өзгерістердің алдында тұр.
Соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалар, Конституциялық өзгерістер, Парламенттік реформалар, мемлекеттік басқаруды жаңғырту және азаматтық қоғамның белсенділігі елдің саяси даму кезеңінің өзгергенін көрсетеді.
Жаңа Құрылтай бұрыңғы дәстүрлі парламентаризм теориясын тоқтатып, жаңа дамыған, қоғамдық келісім мен санаға негізделген заңды институт құруына , халықтың билікке сенімін нығайтуға бағытталған институтқа айналуы тиіс.
Алайда кез келген реформаның түпкі нәтижесі қабылданған заңдармен емес, қоғамның сол реформаларға деген сенімімен өлшенеді.
Құрылтайды тек заң шығарушы орган ретінде емес түрлі қоғам өкілдерінің пікірін білдіретін алаңға айландыра алмаса бұл реформалардың бәрі бекер болмақ.
Сондықтан бүгінгі Қазақстанның негізгі мәселесі институционалдық реформалардың саны емес, олардың қоғамдық легитимділігі болып отыр.
Институттар мемлекет құрмайды, қоғамдық сенім ғана институттарды өміршең етеді және біріктіреді.
Америкалық экономист және Нобель сыйлығының лауреаты Дуглас Норт институттарды қоғамдағы «ойын ережелері» деп сипаттайды.
Бірақ ереже қаншалықты сапалы болғанымен, егер оған қоғам сенбесе, ол қағаз жүзіндегі норма ретінде ғана қалады.
Фрэнсис Фукуяма да мемлекеттердің қуатын әскери немесе экономикалық әлеуетімен ғана емес, қоғамдық сенім деңгейімен байланыстырады.
Оның пікірінше, сенім – экономикалық және саяси дамудың негізгі әлеуметтік капиталы.
Қазақстан үшін де дәл осы мәселе өзекті.
Соңғы жылдары заңнамалық өзгерістер көп болғанымен, халықтың бір бөлігі мемлекеттік институттардың әділдігіне күмәнмен қарайды.
Бұл құқықтық нормалардың жеткіліксіздігінен емес, қоғамдық сенімнің әлсіздігінен орын алады.
Цифрлық қоғам және саяси биліктің жаңа табиғаты
Бұрын мемлекет ақпараттың негізгі иесі болатын.
Бүгінде бұл монополия жойылды.
Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар әр азаматты ақпарат тұтынушыдан өндірушіге айналдырды.
Нәтижесінде қоғамдық пікірді қалыптастырудағы дәстүрлі институттардың ықпалы әлсіреді.
Неміс философы Юрген Хабермас сипаттаған «қоғамдық кеңістік» бүгінде толықтай цифрлық форматқа көшті.
Бүгінгі саяси күрес енді тек сайлау учаскелерінде емес, Telegram арналарында, Facebook пен TikTok платформаларында жүріп жатыр.
Ақпарат тарату жылдамдығы мемлекеттік шешім қабылдау қарқынынан бірнеше есе жоғары.
Осы айырмашылық мемлекеттік институттардың беделіне әсер етеді.
Популизм – демократияның жауы емес, институционалдық әлсіздіктің симптомы.
Қазіргі әлемде популизм күшейіп келеді.
Көп жағдайда оны демократияға қарсы құбылыс ретінде бағалайды.
Алайда саяси ғылым популизмді көбіне халықтың емес, мемлекеттік институттардың әлсіз жұмысының салдары ретінде қарастырады.
Егер мемлекет қоғамға дер кезінде түсінікті жауап бермесе, бұл кеңістікті эмоцияға, артық сөздер мен айыптауларға әкеліп соғады.
Ақпараттық вакуум ешқашан бос қалмайды.
Сол себепті қазіргі кезеңде мемлекеттік коммуникация ұлттық қауіпсіздік элементіне айналу керек.
Қазақстандағы басты мәселе – экономикалық емес, институционалдық модернизация.
Экономикалық өсім маңызды.
Бірақ тарих көрсеткендей, жоғары табыс деңгейі саяси тұрақтылықтың кепілі бола алмайды.
Экономикалық өсім, инвестиция, инфрақұрылымды дамыту сынды пікірлер билікке түсінікті әрі мақсат болған қарапайым халық үшін аса маңызды.
Бұқара билікті табыстың өсуімен, жалақысы жақсы жұмыс орындарының, жайлы баспанамен, демалу мүмкіндігі сынды күнделікті тұрмыстық деңгейдің өсуімен бағалайды.
Бірқатар табиғи ресурстарға бай мемлекеттер тұрақты даму жолына түсе алмады.
Ал табиғи байлығы аз Сингапур, Оңтүстік Корея немесе Финляндия тиімді институттар арқылы жоғары нәтижеге жетті.
Ең бастысы бұл елдер адами капиталды жоғары бағалай білді.
Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де маңызды сабақ береді.
Ұлттық байлықтың көлемі емес, оны басқаратын институттардың сапасы мен адами капитал шешуші факторға айналады.
Адами капиталды тек жұмыс күші, табыс көзі немесе саяси манипулияцияның нысанасы ретінде қараса дәл қазіргі жағдайда мемлекет даму жолына түсе алмайды.
Ұлттық идеология – мемлекеттің жұмсақ күші.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері саяси және экономикалық реформаларға басымдық берді.
Алайда қоғамдық сананы жүйелі қалыптастыру мәселесі көбіне екінші кезекте қалып қойды.
Ал қазіргі ақпараттық ғасырда ұлттық бірегейлік пен азаматтық жауапкершілік идеологиялық мәселе ғана емес, мемлекеттің қауіпсіздік мәселесіне айналды.
Ұлттық идея қоғамды бөлмеуі тиіс.
Керісінше, түрлі әлеуметтік топтарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіруі қажет.
Мұндай құндылықтарға әділет, заң үстемдігі, еңбекқорлық, білім, экологиялық жауапкершілік, мемлекеттік тіл және отаншылдық жатады.
Қазақстанға қажет жаңа қоғамдық келісім.
Ескі 30 жылдық Қазақстан халқы Ассамблеясы өз күшін сарқып бітірді.
Тіпті қоғам негативті қабылдай бастады.
Себебі дәстүрлі жиындар, мақтаулар мен мадақтаулар өзгеріссіз бір форматты шаралар халықты жалықтырып жіберді.
Билік бұл мәселені тез қабылдап жаңа қоғамдық келісімді жүзеге асыру мақсатында Халық кеңесін құру процессін дереу қолға алды.
Жаңа қоғамдық келісімнің өзегі үш қағидаға сүйенуі тиіс.
Біріншісі – мемлекет қоғамды бақылаушы емес, серіктес ретінде қабылдауы.
Екіншісі – азамат құқықпен қатар жауапкершілікті де сезінуі.
Үшіншісі – кез келген саяси шешімнің негізгі өлшемі қоғамдық сенім болуы.
Осындай модель ғана ұзақ мерзімді тұрақтылықтың негізін қалыптастырады.
Бұл қағидатты Президент Қ.Тоқаев тәжірбиелі саясаткер ретінде тез түсінді.
Қазақстан бүгін тарихи бетбұрыс кезеңінде тұр.
Еліміздің алдында реформаларды әкімшілік әдістермен жүргізу немесе қоғамдық сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру таңдауы тұр.
Мемлекеттің қуаты заңдардың көптігімен емес, олардың әділдігіне деген қоғамдық сенімнен құралады.
Президенттік реформалар, Парламенттің рөлі, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтық қоғамның белсенділігі – мұның барлығы бір мақсатқа халық пен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға қызмет етуі тиіс.
Егер Қазақстан инклюзивті институттар қалыптастырып, меритократияны орнықтырып, қоғамдық диалог мәдениетін дамыта алса, онда ол Орталық Азиядағы саяси модернизацияның табысты моделіне айналуға толық мүмкіндігі бар.
Ал егер реформалар тек рәсімдік-әкімшілік сипатта қалып, қоғамдық сенім нығайтылмаса, онда кез келген экономикалық жетістік уақытша құбылыс болып қала береді.
Ол мемлекетті тұрақтылыққа емес тұрақсыздық пен хаосқа және сыртқы күштердің пайдаланып кететін осал елге айналдырады.
Саяси ғылымда мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығы оның күш қолдану қабілетінде емес, азаматтарының ерікті түрде мойындайтын легитимдігіне байланысты.
Дәл осы қағида XXI ғасырдағы Қазақстанның саяси дамуының басты формуласына айналуға тиіс.
Баяжума Асылбек
Саясаттанушы, журналис