Қазақстан мен «Талибан»: геосаяси шындық

70

Munarmedia.kz.16.07.2025 ж. /Астана/-Астана Ауғанстандағы «Талибан» үкіметін ресми түрде мойындамағанымен, соңғы айларда бұл қозғалыспен арадағы ынтымақтастықты белсенді түрде күшейтіп келеді. Осы аптада Қазақстан делегациясы Кабулға барып, елдің вице-премьері әрі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу талиб үкіметінің өкілдерімен тікелей кездесті. Сапар барысында жарты миллиард долларлық меморандумға қол қойылды: Қазақстан Торгунди – Герат темір жол жобасына инвестиция салуға ниетті. Бұл жол — Пәкістан порттарына апаратын жүк дәлізін қамтамасыз ететін стратегиялық бағыт ретінде қарастырылып отыр.

Қазақстан 2023 жылы «Талибан» қозғалысын террористік ұйымдар тізімінен алып тастады. Сол кезден бастап Астана мен Кабул арасындағы байланыс прагматикалық арнаға ойыса бастады. Ауғанстан — Орталық Азия үшін маңызды транзиттік хабқа айналуда. Қазақстан үшін бұл — теңізге тікелей шығу мүмкіндігі, яғни Үнді мұхиты арқылы әлемдік нарыққа жол ашатын балама дәліз.

Ауған темір жолы жобасына салынатын инвестиция — тек инфрақұрылымдық емес, геосаяси шешім де. Ол арқылы Астана Қытай – Орталық Азия – Оңтүстік Азия бағыты бойынша өз рөлін күшейтпек.

Ресей «Талибанды» ресми түрде мойындаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды. 2025 жылдың маусымында Мәскеу Ауғанстандағы «Ислам Әмірлігін» мойындап, Кабулдағы талибтер үкіметімен толыққанды дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Қазақстан әзірге ресми мойындау қадамын жасамағанымен, практикалық тұрғыда Мәскеудің бағытына жақындап бара жатқаны байқалады. Бұл әрекетті кей сарапшылар Астананың геосаяси икемділігінің белгісі десе, енді бірі — Ресей ықпалының көрінісі ретінде бағалайды.

АҚШ пен ЕО елдері әлі күнге дейін «Талибанды» Ауғанстанның заңды үкіметі деп мойындаған жоқ. Әйтсе де, талибтермен тікелей емес, гуманитарлық арналар арқылы жұмыс істеп келеді. Қазақстан мен Орталық Азия елдері болса, қауіпсіздік пен экономика мүддесі тұрғысынан талибтермен тікелей диалог орнатуға көшкен.

Ауғанстандағы жаңа геосаяси ахуал — Орталық Азия елдері үшін ауыр таңдау. Бір жағында — Батыстың ресми ұстанымы мен санкциялық тәртібі, екінші жағында — аймақтық қауіпсіздік пен экономикалық қызығушылық. Қазақстан бұл тепе-теңдікті сақтауға тырысып отыр: бір жағынан «Талибанды» мойындамайды, екінші жағынан олармен стратегиялық әріптестік орнатуда. Бұл — жаңа өңірлік шындыққа бейімделудің көрінісі, әрі Астананың өз мүддесін дипломатиялық шеберлікпен қорғауға ұмтылған белгісі.