Бектенов: коммуналдық тарифтер өсе береді, бірақ баяу қарқында

31

Munarmedia.kz.16.07.2025 ж. /Астана/-Астананың сол жағалауында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов және оның төрт бірдей орынбасары журналистердің сұрақтарына жауап берді. Басты тақырыптардың бірі — халықты алаңдатып отырған коммуналдық тарифтердің өсуі болды.

Бұған дейін Үкімет инфляцияны ескере отырып, тариф өсімінің қарқынын уақытша баяулату жөнінде шешім қабылдаған еді. Алайда премьер нақты мәлімдеді: тарифтер өсе береді.

«Тағы да қайталап айтқым келеді — тарифтер өсуін тоқтатпайды, тек баяулайды. Мен бәріне жақсы көрінейін деп, ‘бәрін тоқтатамыз’ деп айта алмаймын. Жоқ, ондай болмайды. Тарифтер өседі. Бұл — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа инвестиция тарту үшін қажет», — деді Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, 2023 жылдан бері іске асырылып келе жатқан "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Оның аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) саласына 605 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Бағдарлама мақсаты — тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңарту, энергия тиімділігін арттыру және сапалы қызмет көрсету. Алайда бұл үшін коммуналдық тарифтер кезең-кезеңімен көтерілуі тиіс.

Үкімет тарифтерді күрт емес, біртіндеп өсіру арқылы әлеуметтік шиеленісті болдырмауға тырысады. Бірақ Бектеновтің ашық мәлімдемесі — тарифтердің өсуі ұзақмерзімді, стратегиялық бағыт екенін көрсетіп отыр. Бұл саясат инфрақұрылымдық инвестицияға жол ашса да, тұрғындардың қалтасына салмақ салары анық.

Қазақстан Үкіметі халықпен ашық сөйлесу тактикасын таңдағандай. Бұрынғыдай «бағаны ұстаймыз» деген жалпылама уәделердің орнына, премьер Бектенов шынайы экономикалық картинаны ұсынды. Бұл — саяси тұрғыда тәуекелді, бірақ шындыққа жақын ұстаным. Ендігі мәселе — тарифпен қатар қызмет сапасы да өсе ме, жоқ па? Халық соны күтеді.