Қазақстан мұнайының экспорттық бағыттары: балама маршруттар қайтадан өзекті

21

Munarmedia.kz 06.12.2025 / Астана Бұл тақырып үш жыл бұрын талқыланғанымен, геосаяси жағдай мен нарықтағы өзгерістерге байланысты қазір қайта назарға ілініп отыр. Қазақстан мұнайын экспорттаудың ықтимал қосымша бағыттары мен олардың мүмкіндігі жөнінде сараптамалық қорытынды төмендегідей.

Атырау–Самара бағыты — жылына 17 млн тоннаға дейін

Бүгінде бұл бағытпен шамамен 12 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданады. Ол ресейлік Urals маркасымен араласып кетеді, алайда соңғы жылдары KEBCO брендімен жеке өткізу мүмкіндігі қарастырылуда.
Теориялық тұрғыда қосымша 6 млн тоннаға дейін (айына 500 мың тонна) жүктемені арттыруға болады.

Дегенмен сарапшылар «Батыс компаниялары Транснефть құбырымен мұнай айдауға дайын ба?» деген сұрақты ашық қалдырады. Соған қарамастан, Қашаған мен Қарашығанақ мұнайы бүгінде «Дружба» құбыры арқылы Германияға жеткізіліп отыр.

Қазақстан – Қытай мұнай құбыры (Атасу – Алашанькоу)

Өткізу қабілеті – жылына 20 млн тонна. Қазіргі жағдайда оның 10 млн тоннасын — Ресей, ал 1,5 млн тоннасын — Қазақстан пайдаланып отыр.

Негізгі түйткіл – «Атырау–Кеңқияқ» (5 млн т/ж) және «Кеңқияқ–Құмкөл» (8 млн т/ж) учаскелеріндегі өткізу мүмкіндігінің шектеулігі.
Екі жыл бұрын осы бағыттарды кеңейту үшін жаңа құбыр мен екі насос станциясын салу жоспарланған (шамамен 500 млн доллар), бірақ жобаның қазіргі мәртебесі белгісіз.

Атыраудан Атасуға мұнайды теміржолмен жеткізу мүмкін, алайда оның құны Баку–Тбилиси–Джейхан бағытына қарағанда қымбатқа түседі.

Ақтау теңіз порты — жылына 5 млн тоннаға дейін

Экспорт бағыттары: Ақтау–Баку және Ақтау–Махачкала.
Сангачалдағы Баку терминалының өткізу қабілеті бар болғаны 2,5 млн тонна.

Ақтау–Махачкала бағытымен мұнайдың үлкен бөлігі танкермен тасымалданып, әрі қарай Новороссийск портына құбырмен жөнелтіледі.
Сонымен қатар Иранмен своптық мәмілелер жасау тәжірибесі бар — көлемі жылына 2 млн тоннаға дейін жеткен кездер болған.

Теміржол арқылы Баку бағыты — жылына 5 млн тонна

Маршрут: Ақтау–Баку–Батуми.
Бұған қоса, Баку–Супса құбыры бар, оның қуаты да 5 млн тоннаға жуық. Алайда оның бір бөлігі Оңтүстік Осетия аймағынан өтетіндіктен, қазіргі кезде құбыр толық қуатында жұмыс істемей тұр.


Жалпы есептегенде, Қазақстан қосымша экспорттық бағыттар арқылы жылына 20 млн тоннаға дейін мұнайды қайта бағыттай алады.
Ал негізгі КТК жүйесі арқылы қазіргі өткізу көлемі 60 млн тонна екені белгілі.

Сарапшылардың айтуынша, балама маршруттарды дамыту Қазақстанның экспорттық тәуелділігін азайтып, энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.