"Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни, бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет" деді Тоқаев.
Соңғы күндері қоғамда ең көп талқыланған тақырыптың бірі осы салық реформасы болды. Тіпті салық туралы өтірік-шыны аралас желіде желдей ескен әр түрлі пікірлер де көбейді.
Шыны керек, жылдан жылға көлемі ұлғайып бара жатқан бюджет тапшылығы үкіметті қосымша құн салығын көтеруге итермелеп отырғаны да рас. Ел алаңдауын тудырған мәселе түптеп келгенде салық ауыртпалығының қатардағы тұтынушыға түсу қаупі еді.
Бүгін Мемлекет басшысы осы реформаның негізгі бағдарын айқындады: ҚҚС мөлшерлемесі сараланатын болады.
Бұл тәсіл халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің қолжетімділік деңгейін ескеруге мүмкіндік береді. Мысалы, азық-түлік, дәрі-дәрмек, білім беру және денсаулық сақтау қызметтеріне ҚҚС-тың төмен мөлшерлемелері оларды аз қамтылған азаматтар үшін қолжетімді етеді.
Салық саясаты саналы жүргізілуі керек. “Артық қылам деп, тыртық қылмас” үшін, “жеті өлшеп, бір кескен” жөн.
Өзіміз қызығатын өркениетті елдерде темекі, ішімдік, энергетикалық сусындар, қант қоспасы көп адам денсаулығына теріс әсер беретін сусын-тағамдар салығы айтарлықтай.
Ел Президенті , ҚҚС-тың сараланған мөлшерлемелерін қабылдау мемлекетке белгілі бір тауарлар мен қызметтерді тұтынуды реттеуге мүмкіндік береді. Мысалы, денсаулыққа (алкоголь, темекі, тәтті және газдалған сусындар) немесе қоршаған ортаға зиян келтіретін тауарларға (пластикалық қаптама) ҚҚС-тың жоғарылауын енгізіп, осылайша олардың тұтынылуын азайтуға болатына баса назар аударды.
Керісінше, ауыл шаруашылығы, медицина немесе білім беру сияқты ҚҚС-тың төмен мөлшерлемелері осы салалардағы өнім бағасын ұстап тұруға, сондай-ақ кәсіпкерлерді оларды дамытуға ынталандыруға көмектесетіні де айтылды.
Бұл отандық ауыл шаруашылық өнімдерін өндіріп, отандық, органикалық азық-түліктің көбеюі мен салаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді деген үміт-сенім бар.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты