Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

"Қасен-Жәмила" фильмі туралы есте қалғандар және Бағия апай

79


Мен туған жылдары Қытайда қазақ тілінде "Қасен-Жәмила" атты фильм жарық көрді. Ал оны Өлгейдегі кинотеатрларда көрсету 1959-60 жылдары басталса керек. Сол шақтағы балалық санамда бұл фильм туралы көмескі елестер ғана сақталыпты. Қазақ тіліндегі кино көру ол кезде сирек құбылыс болғандықтан, ауылдағы ересектер бұл оқиғаны үлкен қызығушылықпен қабылдап, тайлы тұяғы қалмай көріп шықты.

Біздің көршілеріміз – кіндік шешем Күлди мама мен Борхүү (Уәлхан) ата – оқыған кітаптарын, көрген киноларын аса бір шеберлікпен әңгімелеп беретін жайсаң жандар еді. Жандары жәннатта болсын. Сол кісілердің: "Жәмила мылқау болып, қытай шерігін алдап кетті", "Қасен тағаның сынығымен қолын байлаған арқанды кесіп, қашып құтылды" деген сипаттаулары әлі күнге дейін жадымның түкпірінде сақталыпты. Олардың фильм жайлы әсерлі әңгімелерінен кейін, ересектер арасында "төртеуіңді бір Қасен, байлап қашқан, әй угай" деп ыңылдап әндетіп отыратындар да табылатын. Әкем марқұм – мәдениет саласында еңбек еткен, әдебиетке жаны жақын, көзі ашық зиялы жан еді. Әңгіме арасында: "Фильмнің авторы Бұқара Тышқанбаев екен" деп айтып отыратын.

Алайда, 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында Қытай мен Кеңес Одағының қарым-қатынасы күрт суып, екі ел бір-бірін "ревизионист" деп айыптай бастаған тұста, "Қасен-Жәмила" фильмін көрсету де тоқтатылды. Бұл идеологиялық майданға Моңғолия да араласып, Кеңес Одағының жағына шықты. Оның да өзіндік себебі бар еді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Сталин Моңғолияны Қытай мен КСРО арасында буферлік аймақ ретінде қалдырып, Ялта келісімі нәтижесінде оның тәуелсіздігін мойындауға қол жеткізді. Ал Қытай мен Кеңес Одағы арасындағы қырғи-қабақ қатынас өршіген тұста, Мао Цзэдун Мәскеуден Моңғолияны Қытайға қайтаруды талап еткен.

Осылайша, екі алып державаның бір-бірін қаралаған ақпараттық майданына біздің ел де ілікті. Қытайға қарсы түрлі насихаттық хабарлар күн құрғатпай айтылатын. Ал Шыңжаң радиосынан "Моңғолия – Кеңес ревизионистерінің мал базасы" деген сарындағы кекесінді пікірлер жиі таратылатын. Тіпті, мәдени революция басталған шақта, Шыңжаң радиосын тыңдау, арғы бет қазақтарының әнін айту, күйін тарту – қылмысқа баланатын жағдайға жетті. Қырғи-қабақ соғыс кезінде Өлгей орталығына Қытайға қарсы хабар тарату үшін 350 метрлік антенна орнатылғаны да – сол уақыттың бір белгісі.

Осы идеологиялық тартыстардың салдарынан ауылда "Қасен-Жәмила" фильмі бірте-бірте ұмытылды...

Бұл фильмнің егжей-тегжейін бертінде ғана Қытайдан келген танымал ақын-жазушылардың естеліктері, жазбалары мен сұхбаттарынан білдік. Фильмнің сценарийін жазған – Бұқара Тышқанбаев, ол Шыңжаң Мәдениет министрінің орынбасары, ШҰАР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары болған екен. Кино сценарийін Уаң Юхумен бірлесіп жазған екен. Басты рөлдерді Абылай Түгелбаев (Қасен) пен Фарида Шәріпова (Жәмила) сомдапты. 

Фильм сол кезеңдегі саяси ахуалға бейімделіп, социалистік дәуірдің идеологиясына сәйкес жасалған. Онда бай мен кедей, әлді мен әлсіз арасындағы тартыс бейнеленген. Кинода Қасен есімді кедей жігіт Жәмила есімді шаруа қызына ғашық болады. Екеуі көңілдері жарасып, кешікпей сөз байласады. Бір реткі жиын-тойда көзі түскен бай баласы қызды тоқалдыққа айттырып алмақ болады. Малқұмар қыз әкесі бұл ұсынысты теріс көрмейді. Бай баласына бермек болады. Қиын жағдайға дөп келген қос ғашық шарасыздан тауға қашады. Осыдан соң ол екеуі бірнеше жыл сергелдең тұрмыс кешіреді.

Кино желісінің негізі – Өр Алтайдың Шіңгіл жеріндегі молқы ауылында өткен оқиға. Кино сценариясы әрине көркем шығарма, өмірде болған оқыйғаға мүлде сәйкеспейді. Қасен мен Жәмиланың прототипі – Ахмет пен Бағия. 


Ал Бағия біздің апай еді. 


Бұл туралы алғаш студенттік шағымда, 1970 жылдардың ортасында, Нұржамал ападан естігенмін. Нұржамал – Мәрден атамыздың жұбайы, әңгімені жақсы айтатын сұңғыла жан еді, жарықтық. Ал Мәрден ата – Атантай Ақжігіт атаның кенже ұлы Манғұлдың кенжесі. Ол кезінде Оспан батыр мен Чойбалсанның кездесуінде тілмәш болып, Моңғолияның қауіпсіздік ұйымы мен қарулы күштерінде қызмет еткен.

Нұржамал апа әңгіме арасында: "Ахмет пен Бағия қашып жүрген кезде төменгі Бұлғында біздің үйге келіп, екі-үш ай бойы жасырынып жатты. Бағия екі иығына екі жігіт мінгендей, қомданған сұңқар келбетті жан еді" – деп айтып отыратын.

Бағия – Жәнтекей руының Сәменбет Атантай бұтағынан, Ақжігіт Бекенайұлы Шұлғаудан тараған ұрпақ. Ал біздер Шұлғаудың ағасы Ұлтарақтан тараймыз. Ахмет пен Бағияның хикаясын Шыңжаңда жарық көрген Атантай шежіресінде Мінайхан Тотайұлы толық сипаттап жазған екен. Мен бұл деректі төте жазудан кириллицаға көшірдім. Стилистикасын қалпынша сақтадым.

Әлқисса Мінайхан былай дейді.

“Қасеннің аты -Ахмет, Жәмиланың аты - Бағия Әбғали қызы. Бағия  1924 жылы (сиыр жылы) туған, 2002 жылы 78 жасында Шіңгіл ауданының Арал ауылдығында қайтыс болды.

Оқырманға менің бұл істен қалайша осынша хабарлы болатынымды айта кетпекпін. Менің әкем Тотай, шешем Қаншайым Бағияға аға жеңге болады. Әрі Бағияны әке шешем өздерінен бір жас кіші деп отыратын. Бағия Уатқанның үйінен қашып шыққаннан кейін бір жылға таяау біздің үйде бекініп жатқан. Ал Бағияның біздікінде бекінетін себебі Өр Алтайдағы Жәнтекейдің тәйжісі Нәзір Жапарұлы бізбен ауылдас отырды. Әрі Нәзір де Бағияны қарындасым дейді екен. Ал Бағия басынан өткен ахуалды шешеме бір төсекте жатып айтып берген. Менің жазып отырғаным деректемемде бұрын ауыл ішінде естілмеген, Бағия мен бұрынғы енесі Береген ортасындағы әңгімелер бар. Бағияның енесі Береген ақылды, білімді адам екен. Енесі Бағияға кезінде көп болыстық істеген, баласы Қабылқанға (Бағияның бұрынғы күйеуі) талай рет қатты-жұмсақ ақыл айтқан. Тіпті Бағия өз енесі Берегеннің өзі жайлы айтқан бір құпиялығын Бағия шешеме айтып берген. Әрі енесінің өзін қорғап, әрі сырласатындығын айтқан. Кезінде шешем маған бұндай құпиялықты  айтпауды қатты тапсырған. Мен де ол істі ауызға алмақшы емеспін. Өйткені ол үшінші бір адамға тән құпиялық, бұл бір.

Екіншіден, кезінде Ахмет пен Бағияға ұзақ уақыт азық тасып берген әкемнің кенже інісі Сәбен 1984-ші жылы 7-ші айда қайтыс болды. Енді бір немере інісі Қаби 1984-ші жылы 12-ші айда қайтыс болды. Сол тұстағы көбінде бекінген жерлер Шіңгіл ауданы Сартоғай ауылдығының қыстаулығы Арманты, күзеулігі Қарағайлы шоқы, жайлауы Күнгейтіде бекінген орындары бар. Ал алғаш қашып шыққанда екі ай мөлшері жатқан жері кәзіргі Шіңгіл қаласының оңтүстігіндегі Обаты тауы, 1946-1947 жылдары ел Богдаға ауып барғанда бекінген жері кәзіргі Мори ауданының батыс оңтүстігіндегі Шимұңы сайы. Мен бұларды әке шешемнен талай естіп жатталып қалғандығын үлкен кіші ағайынға ұқтырмақпын. 

Бағия Әбғали қызы 1944 жылы жазда Қабылхан Уатқан ұлымен тұрмыстанған. Бір жылдан кейін аралары нашарлап, бір бірінен суына бастаған. Тіпті Қабылханның жазықсыз ұрып соғуы Бағияның көңілін қайтара береді. Ал Бағияның күйеуі Қабылханға шамасы жететін болса да беделді ата мен ененің бетін силап енесіне мұңын шағып шыдай береді. Аңғарлы ене талай талай рет Қабылханға ұрсып, тәрбие береді. Тіпті бір рет қатты ренжіп, “сен мына қылығыңды, жүгенсіздігіңді қоймасаң, бізді досқа күлкі, дұшпанға таба қыларсың, әкеңді жерге қаратып, бетіне өшпес таңба басасың, қашан айтты деме, өзің өкініште қаласың”-деп талай сабарманға жеткен. Арада бір екі-ай тыныш  өткенімен, тағы әдетіне басып, қамшының астынан алған. Бағия енесі Берегенге, “тағы көріп отырсыз, не жазығым бар еді,”- деп жылапты. Қарғам мен бұл ақымаққа айтып ұқтыра алмадым. Төркініңе барып біраз уақыт жатып ал, қайтер екен,-депті.

Осыдан кейін Бағия төркініне кетіп қалады. Он күн шамасынан кейін атасы Уатқан Сойтық дегенді жіберіп шақыртады. Алайда, біздің жақ, кесел бізден шығып отырған жоқ, Қабылхан ендігәрі тізгінін тарта жүрсін, біз саған Бағияны текке ілестіре алмаймыз, Нәзір тәйжіге осыны айтып береміз,-деп тәйжіні біздің үйге шақырып келіп, Бағияның әкесі Әбғали мен әкем болған істі баян етеді. Тәйжі Сойтыққа, “Шіңгілдегі құлмолқы атаулыға сөзі жүрген Уатқан Қабылханға тілі өтіп, қолы батпай ма?” “Ел іргесін қыз бекітеді, су іргесін шым бекітеді” -деп бұрыңғылар бекер айтпаған. Адамдық арды таптамайтын, керей жолынан аттамайтын іс ендігәрі болмасын. Иттің йесі болса, бөрінің тәңірі бар. Бағия сен ренжісең жолдасыға ренжідің, ата -енеңе ренжімедің, үлкендердің бетін силап, бір жолға бар -деп, ертесі Бағияны апартып салады. Алайда Қабылхан аз күннен кейін қояншығы ұстап, қол тигізе бастайды. Сонымен Бағия рулық жақтан жақын, Молқы ішінде Шәкей, Ахмет деген сол ауылдың жалшы жігітімен қашып кетеді. Сонымен 1946 жыл соңынан 1950 жылдың басына дейін ұзақ уақыттың қашқындық өмір басталады. Жалшы Ахмет “қашқын Ахмет” аталады.

Қашып шыққаннан кейін біздікінде бір айға жуық жатады. Күндіз жүктің артына орын жасап тығып қояды. Ал кеште өз әкесінің, кейде менің әкемнің киімдерін киіп, ерлерше киініп, жүріп жүреді. Бағия әдеттегі әйелдерге ұқсамайтын, үлкен денелі адам еді. Мен ес біліп, қызмет істеп, алғаш оқытушы болған жетпісінші жылдарда үш төрт рет барып амандастым. Сондағы бір есімде қалғаны, екі білегін түріп тастап отырады екен.

Әуелгі сөзге қайта оралайық. Ахмет пен Бағия қашып келгенінен кейін Нәзір тәйжі Ахметті қайтарып жібереді. Әрі Ахметтің бұл ауылда жүруі ыңғайсыз болады. Іс бұдан әрі ұлғайып, насырға шауып жатса, онда сыртқа шығып кетуін, елдің тыныштығын алмауын ұқтырады. Ахметке бұрынғыдай малшы болып жүре беруін, келіп- кетіп сезіктендіріп алмауын ұқтырып қайтарып жібереді.

Алайда ел құлағы елу, Бағия Нәзір тәйжінің ауылында Тотайдың үйінде екен деген сөздер еміс -еміс шығып жүреді. Тапа талтүсте тәйжінің ауылын басып алуға бата алмаған ба? Бір күні жұрт жаңалап қонған тәйжі ауылының орайын күткен қарсы жақ іңірде ауылды басып қалады. Жиырмаға жуық адамды бастап келген тағы сол Сойтық екен. Ел сыртта айғай шу болып кеткенде Бағия әкесінің бір қабат киімін киіп, көнетоз жүн күпіні ерлерше шалбарланып, жүгіріп келіп менің әкемнің тымағын баса киіп, қолына бір уықтың сынығын алып, сырттағы айғайға араоасып кетеді.

Астындағы ойнаған баран атпен Сойтақ Бағияның жанына келіп қалады. Осы орайды күткен Бағия Сойтақты тізеден қағып қалады. Алла деп аттан ұшып түскен Сойтақты біздің жақ байлап алады. Ал, Бағия жаңағы Сойтақтың атына міне салып қалғандарымен айқаса кетіп, және де екі адамды түсіріп жібереді. Қалғандары бет бетіне қашады. Бағияның әкесі Әбғали Нәзір тәйжіге барып болған істі баяндайды. Тәйжі Сұлтан деген ағасын жіберіп, жәйін жатқан елді жазықсыз шапқындағаның үшін деп кісендеп тастайды. Ақыры  араға керей түсіп бұдан кейін жаушылық істемеуді, бұл істің елдің елдің елдігіне кесірі тиетін іс екендігін екі жақтың билері келісіп тоқтайды. Осыдан кейін Ахмет пен Бағия елден бөлініп, Обатыны екі айға жуық мекендеп, күн суыта бере Нәзір тәйжінің елі Сартоғайға көшкенде Армантыға өтіп бекінген. Күні бүгін Армантының Күнсай деген жерінің басында бір бекініс орны және Шайанбан мен шаңырақ бастаудың арасындағы теріскейде бір бекініс орны бар.

Әке шешем Бағияның тағы бір мықтылығын былай деп айтады. Ел Білеутіде отырған кезі еді. Ахмет пен Бағия Қарағайлы шоқыда жатқан жерінен шақыртып алдық. Бағияға әкемнің тымағы, күпісі, шалбарын, ал Ахметке де бір қабат киім беріп, түстен кейін осында алып келіңдер деп әкем інісі Сәбенге ауылдас отырған Задахан деген жігітті қосып жіберіпті. Бағияны өз үйіне, Ахметті Сақау Камел деген (сақау адам екен) кісінің үйіне тамақтандыратын болыпты. Ертерек келіп үйдің тамағын ішіп жырғып қалған екеуі бүгін не де болса ел ішінді жатуға келіпті. Кешке малдың сауын уақытында аяқ жақтан бейсауат төрт адамның келе жатқанын хабарлайды. Сонда Бағия ерлерше киетін киімін кие сала, ерттеулі тұрған атқа мініп алып, анадай жердегі Сақау Камелдің үйінен шығып, атына жүгірген Ахметті шақырып алып, белбеуінен ұстап іліп, балаша артына салды да, бетке таман шаба берді. Сонда мал сауып отырған қатын-қалаш, сырттағы жүрген азаматтар Бағияның бір қолының соншалықты қарымдылығына таң қалып, бертінге дейін ат үстінен “Бағияша іліп алам” дейтін тәмсіл қалған екен.

Бұл жүрістің соңы 1947 жылғы елдің Боғдаға аууына жалғасып, Ахмет пен Бағия Боғдаға барады. Ал Боғдаға барған қарсы жақ Шонжы сақшысына арызданып, Ахмет пен Бағияны ұстатады. Алайда Тарының тұсында Тарыға бала болған Төлебай деген найман жігіттің бір немересі Шонжы үкіметінде қызмет істейді екен. Нәзір тәйжі бұрыннан туыспыз деп жүрген осы адам арқылы Бағияны түрмеден босаттырып алады. Ал Ахмет түрмеде қалады. Шіңгіл елі Боғдада отырған төрт жылға таяу уақытта Ахмет пен Бағияны Гоминдан өкіметі бірнеше рет түрмеледі. Ендігәрі Гоминдан өкіметінің назарына ілінгісі келмеген Нәзір тәйжі Шонжыдағы Гоминдан үкіметі арқылы Ахмет пен Бағияны Шіңгіл сақшысына тапсырып беруін, үстегі жылы (1950) күзге қарсы елін алып Шіңгілге қайта көшетіндігін, Ахмет пен Бағия ісін Шіңгіл өкіметі арқылы бітіретіндігін, Шонжы сақшысының Шіңгілге жеткізіп беруін өтінеді. Шонжы Гоминдан өкіметінің нұсқауымен төрт әскер сегізінші айдың ішінде Шіңгілге жеткізетін болады. Арада біраз күн өткеннен кейін “қашқындарды жөнелттік, Тәйжі Шіңгілге барған соң бітірсін” деген қағазды Нәзір тәйжі тапсырып алады. 8-ші айдың нешесі екені анық емес, таңертең Шонжыдан аттанған төрт әскер қос қостан құралы бар, бір түйеге артқан азық түлік, оқ дәрі, екінші түйеге Ахмет пен Бағияны қол аяғын байлап, түйеге таңып алып, жүріп, бүл күн бесінде Мөнгін бұқаның суы дегенге келіп түнейді. Зерек те ақылды сұлу әйелге көңілі ауған әскер бастығы кешке шәйда өздерінің Шонжыдағы әскер туанының туанжыңы “Ду” туанжаңы таңбалы қағазы барлығын, екеуін Шіңгіл түрмесіне табыс ететіндігін айтып, бір жағы құқай көрсетіп, бір жағы арбап көріп бұл күні мақсатын іске асыра алмайды. Ертесі баратын суы ұзақ әрі Жоңғардың құмының шығыс тұмсығын басып Аштысу деген қоналқыға жету үшін ертерек аттануға қамданады. Таң ағара жүрген жүргіншілер құмның ыстық аптабынан бесінде әрең шығады. Аштысудың суынан шәй қайнатуға Бағияның қол аяғын бастап шешіп, босатып, Ахметті байлап тастайды. Бағия сексеуіл жағып шәй қайнатуға кіріседі. Ал төрт әскер азық түлік, оқ дәрі артқын түйені жүгін түсіріп, таңдайына оқ басқан төрт бесатарды жүкке сүйей салып, жантайып жантайып жата кетеді. Жан құралдарын бас жағына жастаған киімдерінің астына тығады. Ал Бағия сүйеулі төрт мылтықтың орайын күтіп, отын әкелген болып, бірнеше рет айналып өтеді. Йә, алдырар күні жаздырар деген. Бағия сексеуіл алған болып әскерлердің желке жағынан өте беріп, сүйеулі төрт мылтықтың біреуін жұлып алып, әскерлердің басынан келіп мылтықты оқтап тұра қалады. Қапелімде сасқалақтаған әскерлер басына жастанған жан қаруларын алуға да шама келмейді. Қолдарын көтеріп еңкейіп еңкейіп отыра қалады. Бағия бауы шығып жатқан екі жан құралды аяғымен бауынан іліп тартып басып тұра қалады. Ахметке, мынанның біріне қолыңды шештіртейін бе?  деген  Бағияның дауысы шыққанда әскер бастығы ұшып тұрагеледі.   Басынан асыра мылтықтың масасын Бағия да басып қалады. Әскер бастығы екбетінен түседі. Неғылса да атып тастады деп ойлаған үш әскер де екбетінен түсіп, қозғалуға шамасы келмейді. Ендігәрі төрт әсердің қозғалар шамасы қалмағанын байқаған Бағия төрт бес атар, төрт жан құралды дереу жиып алады да, Ахметтің байлауын шешеді. Қолына құрал тиген Ахмет төрт әскерді бір бірден байлайды. Әдгінде ғана арыстандай айбаттанып келе жатқан құралды әскерлер көздері бозарып, мүсәпір қалге түседі. Ақымет пен Бағия шөлдері қанып, Шонжының сары тоқашына тойып алған соң, әскерлерді бірден бірден шешіп тамақтандырады. Бір бір жапырақ нан, бір бір шыны судан басқа әскерлердің кеңірдегінен дән өтпейді. Сол кезде барып Бағияның есіне кеше өзіне әскер бастығы көрсеткен Ду туанжыңның қағазы түседі. “Ахмет андағы бастықтың қалтасында бізді Шіңгіл сақшысына тапсыр деген таңбалы қағаз бар, алып шық”- дейді. Бағия мылтықты оқтап тұрып, Ахмет әскер бастығының қағазын өртейді. Сол тұста Алтай, Боғда бетінде тараған мынадай бәр шумақ өлең бар:

 Ду туанжаңның қағазын отқа жағып

 Төрт әскерді бір Қасен байлап қашқан 

Осыдан кейін Ахмет пен Бағия кешеден бері “әттең ай” деп келе жатқан екі әскери ер тоқымды атқа мініп, азық түліктен екі атқа сиғанша бөктеріп, және екі қоржынбас азық салып алады да, сәл көз байлануды күтеді. Ал әскерлерге екі ат, үш түйені қалдырады. Сегіз құралдан манағы атқан бір оқтан басқа қыл бүлдірге алмады. Көз байланып бір әскерді дауыс шақырым жерге дейін алып барып, шешті де қоя берді. Екі қолы босаған әскердің жүгіруге шамасы қалмаған екен. Жығылып тұрып аяғын әрең басып, жолдастарына қарай беттейді. Жалтақтап артына қарай береді дейді. Ахмет пен Бағия шығысты бетке алып Бәйтік, Қаптық  қайдасың деп тартып отырады.

Осы кеткеннен ұзақ кетіп жалғасты қуғындалып жүргенде олар Халық Азаттық Армиясының бір бөлімше плкы жағынан құтқарылып алынып, өздерінің аңсап жүрген неке еркіндігіне қол жеткізіп, жаңаша өмірлерін бастайды”- деп тәмәмдайды Мінайхан.

PS: Алтай, Шінгіл жақтан келген ФБ достар осы хикая туралы, Бағия апайдың ұрпағы жайлы естіген, оқығандарыңыз болса коммент  қалдыра кетіңіздер, және де Мінайхан Тотай ұлы ұстаз жайлы да

# Жан қүрал дегенді тапанша деп топшыладым

# Ду туанжаңды білмедім