Қазақстан-Қытай келісімдері: қандай жобалар іске асып жатыр
Жаңа зауыттар бой көтермек
Қазақстан мен Қытай - шикізат өндірісі мен тасымалында белсенді одақтас. Көрші ел үшін шикізат көздері экономиканың басты қозғаушы күші саналатыны белгілі. Өз кезегінде бұл Қазақстан тарапына да пайдалы.
Жоғарыда аталған коммерциялық құжаттардың бірі – Терефтал қышқылын өндіру жобасының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен SINOPEC арасындағы келісім. Одан бері қос тарап келісім негізінде жан-жақты талдаулар жүргізіп, жобаның болашағы жайында ақылдасқан болатын.
2 шілдеде Астанада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 7-ші отырысы өтті. Дәл осы жиында «ҚазМұнайГаз» бен «СИБУР Холдинг» және Sinopec Overseas Investment Holding «Силлено» жобасына қатысты хаттамаға қол қойды.
Енді тараптар көп ұзамай Атырау облысында «Силлено» жобасын бастайды. Қуаты 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге жететін алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салу үшін түпкілікті инвестициялық бюджетті келісу ниетін растады. Құжатқа «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «СИБУР» ЖШҚ басқарма төрағасы – бас директоры Михаил Карисалов және Sinopec директорлар кеңесінің төрағасы Юншэн Ма қол қойған.
Бұл жоба мұнай-газ химиясы саласын дамытудағы маңызды қадам болғалы тұр. Оны іске асыру ел экономикасына мультипликативті әсер беріп, жалпы ішкі өнім көрсеткішінің 1,2 пайызға өсуіне мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ полиэтиленнен жасалған бұйымдар өндіру саласында шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Сайып келгенде, ел экономикасын дамытуға үлкен серпін болуға тиіс. Мәселен, құрылыс кезеңінде барлығы 8 мыңға жуық, зауыт іске қосылғанда 800-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Полиэтилен күнделікті өмірде, құрылыс саласынан бастап медицина бұйымдарын жасауда жиі қолданылады.
Кезекті құжат – «CASPI BITUM» БК» ЖШС зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу жобасын ілгерілету жөнінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CITIC Group арасындағы өзара келісім. Қос тарап қазір жобалау жұмыстарын бастап кеткен.
«ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметінің дерегінше, ұлттық компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасенов CITIC Group қытай компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Си Гуохуамен және CITIC Resources Holdings Limited бас атқарушы директоры Хао Вэйбаомен кездесіп, мәселені жан-жақты талқылаған.
Өткен жылы Қытайдың NJPEC институты жоба бойынша алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп, зауыттың техникалық аудитын жүргізген. Биыл мамырда құрылыс бойынша РС-келісімшарт жасалыпты. Зауыт 2025 жылы іске қосылмақ.Орталық Азиядағы ең ірі орталықтың бірі ашылады
Құжаттардың ішінде «Қазпошта» АҚ мен YTO Express Group арасындағы ынтымақтастық туралы келісім де бар. Таяуда осы тақырып бойынша Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен YTO Express Co. басқарма төрағасы Ю Вэйцзя кездесті.
Жиында Орталық Азиядағы ең ірі электронды сауда тарату орталықтарының бірі Қазақстанда ашылатыны мәлім болды. Бұл орталық тауарларды жедел өңдеуді және ЕО, ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне жеткізілуін қамтамасыз етпек. Сондай-ақ интеллектуалдық IT-шешімдерді енгізу, логистикалық үдерістерді толық автоматтандыру, кедендік сүйемелдеу жұмыстары реттелмек.
Ведомство дерегінше, Қазақстандағы электрондық сауда нарығы жыл сайын 20 пайызға өсуде.
«Қытайдың электронды сауда нарығы өзінің ауқымымен таң қалдырады, онда сатылымдардың 70 пайыздан астамы онлайн жүзеге асырылуда. Қазақстан өзінің тиімді географиялық орналасуымен халықаралық электронды сауданың негізгі транзиттік аймағына айналуға ұмтылады. Қазпоштамен бірлескен Қазақстанда тарату орталығын құру жобасы трансшекаралық сауданы дамытуға жаңа серпін береді», – деген Қазақстанның Сауда министрі.
YTO Express Co. басқарма төрағасы Ю Вэйцзя бұл жобаның бүкіл өңірді қамтитын Орталық Азиядағы жалғыз жоба екенін атап өтті. Компания бірқатар елде тағы 5 тарату орталығын салуды жоспарлап отыр. Қорытындысында жоба экономикалық байланыстарды нығайту мен халықаралық онлайн сауданы дамыту жолындағы маңызды қадам саналмақ.
Логистика желілері дамымақ
Ең маңызды құжаттардың қатарында «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен CRRC Corporation Limited арасындағы ынтымақтастық және CRRC Corporation Limited өнімдерін сатып алу туралы келісім бар. 2 шілдедегі Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесі шеңберінде «ҚТЖ» мен қытайлық компаниялар арасында бірқатар құжаттарға қол қойылғаны мәлім болды.
Атап айтқанда, «ҚТЖ» мен «Ляньюньган порты» Ақтау порты базасында контейнерлік хаб салуға инвестициялар туралы келіскен. Бірлескен жоба контейнерлік жүктерді өңдеу және тиеп жөнелту бойынша қызметтер кешенін көрсету үшін Ақтау портындағы қолданыстағы инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ «KTZ Express», ресейлік «Славтранс-Сервис» және қытайлық Xi'an Free Trade Port арасында контейнерлік тасымалдар бойынша келісім жасалған. Бұл логистиканы едәуір жеделдетуге, электрондық сауданы дамытуға, кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, сауда кедергілерін азайтуға жол ашады.
Осы кезде «ҚТЖ» мен CRRC келісімі шеңберінде алғашқы маневрлік локомотивтер Алтынкөл станциясына толық жеткізілгені жарияланды. Келісім шеңберінде 100 маневрлік және 100 магистральдық локомотив жеткізіліп, Қазақстанда жылжымалы құрамға қызмет көрсету сервистік орталықтарын ашу және инжинирингтік орталық құру жоспарланған. Маневрлік тепловоздар Қазақстанның климаттық жағдайларын ескере отырып жасалған, –40°C-тан +50°C-қа дейінгі температурада жұмыс істей алады, салмағы 135 тонна. Әрі дизель-генератор қондырғысы ҚР-да қабылданған экологиялық стандарттарға сәйкес келеді.
Ал гибридті локомотив өндірісі 2025 жылы қолға алынбақ. Жобадан күтер үміт көп, себебі CRRC Corporation Limited әлемдегі ең ірі теміржол көлігін өндіруші, әлемдегі локомотив өндірісі нарығының шамамен 50 пайызына иелік етеді.