Әлемдегі
ең ірі уран өндіруші Қазатомөнеркәсіптің бас директоры Украинадағы қақтығыс
Батысқа уран жеткізуді қиындатып жатқанын айтты.
Financial Times газетіне берген сұхбатында
Мейіржан Юсупов «Мәскеу мен Бейжіңнің ықпалы артып келе жатқанын» атап өтті.
«Бізге белгілі бір елді көрсетпей-ақ азиялық
серіктестерге өнімдеріміздің барлығын болмаса да, көпшілігін сату оңайырақ.
Олар біздің уранымызды немесе солтүстік серіктестеріміздің өнімдерін түгел
дерлік тұтынуға қабілетті», - деді ол FT-ке.
Юсупов
Азия елдерімен ынтымақтастық оңай болғанымен, компания бір ғана нарыққа тәуелді
болғысы келмейтінін айтты.
Акциясының 75% -ы Қазақстан мемлекетіне
тиесілі «Қазатомөнеркәсіп» американдық және еуропалық компанияларды қоса
алғанда, әртүрлі тұтынушы базасын сақтауға тырысады, бірақ санкциялық
тәуекелдерге байланысты Санкт-Петербург арқылы жеткізу мүмкін емес.
Астана мен Лондонда тіркелген компания Каспий
теңізі, Әзірбайжан, Грузия және Қара теңіз арқылы жеткізудің балама жолдарын
қарастыруда, бірақ бұл бағыттар қымбатырақ болады.
Қазақстан әлемдік уран
өндірісінің 43 пайызын қамтамасыз етеді, бұл ОПЕК-тің мұнай нарығындағы
үлесімен салыстыруға болады.
Басылымның жазуынша, Ресейдің Қазақстанға
ықпалының күшеюі батыстық компаниялар мен серіктестердің алаңдаушылығын
туғызуда. Ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы «Қазатомөнеркәсіптің» 14
кенішінің бесеуінде үлесі бар және елдегі жалпы уран өндірісінің 20 пайызын
алады.
Ресей
мен Қытай әлем бойынша атом электр станцияларын салуда көш бастап келеді. Соңғы
мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы «Қазатомөнеркәсіп» уранының 49 пайызы Азияға,
32 пайызы Еуропаға, 19 пайызы АҚШ-қа жөнелтілген.
Юсупов компанияның сату географиясын белсенді түрде
әртараптандыруға ниетті екенін атап өтті.
Prism Political Risk
Management аналитикалық фирмасының серіктесі Кэти Маллинсон Қазақстанға 2021 жылы Ауғанстаннан АҚШ әскерлері
шығарылғаннан кейін Ресей тарапынан қысым күшейіп жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстанның
уран өндірісіндегі Ресей үлесін ұлғайту және Қытайға жеткізуді ұлғайту Батыс
нарықтары үшін уранның қолжетімділігіне қатысты мәселелер шешімін табу қиынға
түсіп отығанын жеткізді.