Қазақстанда 207 мың компания жабылды: Жұманғарин жұмыссыздыққа қатысты пікір білдірді

30


АСТАНА.18.05.2026.Munarmedia.kz – Қазақстанда 207 мың компанияның жабылуы еңбек нарығына айтарлықтай әсер етпейді. Бұл туралы вице-премьер Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Үкімет басшысының орынбасарының айтуынша, жабылған кәсіпорындардың шамамен 100 мыңы салықты оңтайландыру мақсатында пайдаланылған болуы мүмкін.

«39 мыңға жуық субъект өзін-өзі жұмыспен қамту санатына өтті. Ал кейбір бизнес құрылымдары қайта тіркеуден өтті. Сондықтан жұмыссыздықтың күрт өсуіне негіз жоқ», – деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ вице-премьер Қазақстан экономикасының биылғы алғашқы төрт айдағы өсімі 3,6 пайыз болғанын атап өтті.

Оның сөзінше, егер жоспарланған көлемде мұнай өндірілгенде, экономикалық өсім 6 пайызға дейін жетуі мүмкін еді.

«Біз шамамен 5 миллион тонна мұнай өндіре алмадық. Соның әсері болды», – деді ол.

Бұдан бөлек, Серік Жұманғарин шикізаттық емес секторлардың өсімі байқалып отырғанын жеткізді.

«Мақтанғым келмейді, бірақ Қазақстанның шикізаттық емес салалары өсіп келеді. Біздің экономика тек шикізатқа тәуелді болмай-ақ дами алатынын көрсетіп отыр», – деді вице-премьер.

#Қазақстан #Экономика #Жұманғарин #Жұмыссыздық #Бизнес #Мұнай #Munarmedia