Қазақстанда билік транзиті мәселесі ең көп талқыланатын тақырыпқа айналды

57

Munarmedia.kz 26.03.2026 /Astana/ — Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін ең көп талқыланып жатқан тақырыптардың бірі – билік транзиті мәселесі. Сарапшылар мен саяси шолушылардың айтуынша, Ата заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес вице-президент лауазымы пайда болып, ол тек көмекші емес, конституциялық мұрагер, саяси жүйенің «амортизаторы» әрі мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметінен кеткен жағдайда ел тізгінін ұстай алатын тұлғаға айналады.

Саяси және сараптамалық ортада вице-президент қызметіне ықтимал үміткерлердің тізімі қызу талқылануда. Әсіресе, мемлекет басшысының жақын басқарушылық және саяси шеңберіндегі тұлғалар назарға ілігуде.

Сарапшылар көбіне үш кандидаттың есімін атайды.

Атап айтқанда, Ұлттық құрылтай отырысы өткен күні мемлекеттік кеңесші қызметі қысқартылған Ерлан Қарин. Ол конституциялық реформаны үйлестірген және жаңа буын саясаткерлерінің өкілі саналады. Сонымен қатар, мемлекеттік кеңесшінің идеологиялық, саяси және үйлестіруші функциялары ықтимал вице-президент рөлімен сәйкес келеді.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев — тәжірибелі саясаткер, жоғары билік жүйесінде жұмыс істеген, салмақты аппараттық ықпалы бар тұлға. Парламент реформаланған жағдайда оның саяси архитектурадағы рөлі қайта қаралуы мүмкін. Бұл ретте бірыңғай парламенттің спикері және Халық кеңесінің төрағасы кім болатыны да өзекті мәселе ретінде қарастырылуда.

Тағы бір ықтимал үміткер — Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов. Ол Президент әкімшілігіндегі қызметтен бастап, «Amanat» партиясын басқаруға және өңірлердегі жұмысқа дейінгі мол басқарушылық тәжірибесімен ерекшеленеді.

Бұдан бөлек, кейбір сарапшылар тағы бес саясаткердің есімін атайды.

Олардың қатарында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бар. Сарапшылар оны ішкі саясат, әлеуметтік сала және қоғамдық коммуникацияларға жауапты президент командасындағы маңызды тұлға ретінде сипаттайды.

Премьер-министр Олжас Бектенов те ықтимал кандидаттардың бірі ретінде қарастырылуда. Ол «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырудағы негізгі тұлғалардың бірі ретінде танылып, басқарушылық тәжірибесімен және өкілеттіктерді тиімді бөлу қабілетімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, жаңа Конституцияны қолдау жөніндегі үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысқан.

Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігін бұрын басқарған, қазіргі уақытта мемлекет басшысының халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі қызметін атқарып отырған Мұрат Нұртілеу де аталады.

Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай — негізгі саяси процестерді үйлестіруге және президент қызметін қамтамасыз етуге тікелей қатысатын, жоғары аппараттық ықпалы бар саясаткер.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек те ықтимал үміткерлер қатарында. Ол саяси ғылымдар докторы, Президент кеңсесін басқарған тәжірибесі бар. Алайда референдумнан кейін екі күн өткен соң елордада коммуналдық қызметкерлердің ереуілі орын алып, бұл жағдай оның саяси позициясына белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін.

Саясаттанушылардың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатқа басымдық беріп, ал вице-президент елдің ішкі саясатын бақылауына алуы ықтимал.

Сарапшылар жаңа Конституция аясында болашақта вице-президент қызметін қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де атқаруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Себебі ол президент ретінде тек бір мерзімге сайлана алады. Мұндай сценарий оның кейіннен қайтадан мемлекет басшысы лауазымына келу мүмкіндігін де қарастырады. Сонымен қатар, Конституциялық сот арқылы президенттік мерзімді «жаңарту» мүмкіндігі де теориялық тұрғыда айтылуда.

Тағы бір ықтимал сценарий ретінде сарапшылар Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысы қызметіне үміткер болуы мүмкін екенін алға тартады. Ұйым басшысын сайлау 2027 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өтуі тиіс, өйткені қазіргі Бас хатшы Антониу Гутерриштің екінші мерзімі 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік өкілеттік мерзімі 2029 жылы аяқталады. Ол бұған дейін Қазақстан Республикасы президентін сайлау белгіленген мерзімде өтетінін атап өткен.

Ал сыншылар конституциялық реформалар президент өкілеттігін айтарлықтай кеңейтеді деп есептейді. Олардың пікірінше, бұл азаматтық қоғам ықпалының шектелуі аясында әлеуметтік тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Сондай-ақ қоғамдағы теріс көңіл-күйге салық реформалары, тарифтердің өсуі мен инфляция әсер етіп отыр.

Сонымен қатар, Конституцияда 2029 жылы Тоқаевтың өкілеттік мерзімі аяқталған кезде елде «Екінші Қаңтар» оқиғасының қайталануына жол бермейтін тетіктер де қарастырылғаны атап өтіледі.