Қазақстанда биыл шетелдіктерге қатысты жаңа талаптар күшіне енді.

31

Munarmedia.kz 20.02.2026 /Astana/  Ережелер тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін азаматтарға, сондай-ақ қандас мәртебесін рәсімдеушілерге қолданылады.

Үш ведомство – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қазақстан Республикасында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметтерін көрсету бойынша пилоттық жоба туралы бірлескен бұйрық қабылдады.

Жаңа талапқа сәйкес, Қазақстанға тұрақты тұруға келетін шетел азаматтары мемлекеттік тілді білуге арналған емтихан тапсыруы тиіс. Ал бизнес-иммиграция, жұмыс визасы, білім алу, сондай-ақ гуманитарлық немесе саяси себептермен келетін тұлғаларға бұл талап қолданылмайды.

Тестілеу ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы өткізіледі. Тіркелу Ұлттық тестілеу орталығы платформасында (app.testcenter.kz) жүзеге асырылады. Емтихан уақыты – 1 сағат 10 минут. Үміткер кемінде қарапайым деңгей – А1 (әр бөлім бойынша 30 пайыз) нәтижесін көрсетуі қажет.

Тест екі бөлімнен тұрады:
– Тыңдалым – 20 тапсырма (20 минут);
– Оқылым – 40 тапсырма (50 минут).

Ереже бұзған үміткер бір ай мерзімге тестілеуден шеттетіледі. Ал талапты бұзбай, қажетті ұпай жинай алмағандар айына екі реттен артық емес қайта тапсыра алады.

Сертификат алғаннан кейін шетелдік өтініш беріп, құжаттарын тапсырады. Өтініш берушіге сегіз критерий бойынша балл қойылады: демографиялық көрсеткіштер, білім деңгейі, тіл меңгеруі, Қазақстандағы оқу немесе жұмыс тәжірибесі, өзге елдердегі оқу немесе еңбек өтілі, кәсіби құзыреттердің бейімделу деңгейі, қосымша көрсеткіштер мен шарттар, денсаулық жағдайы.

Жалпы ең жоғары балл – 941, ең төменгі шек – 400 балл.

Одан кейін үміткер құқық қорғау органдарының тексеруінен өтеді (соттылығы, экстремистік ұйымдармен немесе деструктивті діни ағымдармен байланысы бар-жоғы анықталады), кейін әңгімелесу кезеңі қарастырылған.

Аталған бұйрық осы жылдың соңына дейін қолданыста болады. Бұдан кейін жоба нәтижелері талданып, талаптарды сақтау, жеңілдету, күшейту немесе күшін жою туралы шешім қабылдануы мүмкін.