Munarmedia.kz 27.06.2025 / Астана /-Қазақстанда әр жиырмасыншы тұрғын кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты деңгейде қалып қойғанымен, аса күрделі құрылымдық мәселелерді айқын көрсетеді. Елдегі мұқтаж жандардың нақты саны бүгінде 924 мың адамға жетіп отыр.
Экономист Руслан Сұлтанов бұл туралы «Tengenomika» телеграм-арнасында жариялаған сараптамалық жазбасында айтып өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан халқының 4,5 пайызы күнкөріс минимумынан төмен табыс тапқан.
«Бір жыл бұрын мұндай адамдардың саны 928 мың болатын. Қазір — 924 мың. Демек, 4 мың адам ғана кедейлік шегінен жоғары табыс табатын деңгейге шыққан. Бұл айтарлықтай ілгерілеу емес», — деп жазады сарапшы.
Кедейлік ең жоғары аймақтар:
-
Түркістан облысы – 8,1 %
-
Абай облысы – 7,3 %
-
Жетісу облысы – 6,9 %
Кедейлік ең төмен өңірлер:
-
Қарағанды облысы – 2,6 %
-
Астана қаласы – 2,1 %
Алайда Сұлтановтың мәліметіне сүйенсек, қайыршылықтың шектен шыққан түрі — яғни, тұтыну себетінің өзін жаба алмайтын табыспен өмір сүріп жатқан адамдар саны 16,5 мыңға жеткен. Бұл – ел халқының 0,1 пайызы. Бұрынғыға қарағанда 1182 адамға көбейген.
«Бұл – базалық азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, не киімге жетпейтін табыс. Мұндай жағдай — әлеуметтік апат деңгейіндегі кедейлік», — дейді экономист.
Неге ауыл кедей, қала – біршама тұрақты?
Сұлтанов кедейлікке ұшыраған халықтың басым көпшілігі ауыл тұрғындары екенін атап өтеді. Индустриясы дамыған аймақтарда, мысалы:
-
Павлодарда,
-
Қарағандыда,
халықтың тұтыну шығындары күнкөріс минимумынан 2,6 есе жоғары. Бұл — тіпті Астана мен Алматыдағы көрсеткіштен (2,4 есе) де көп.
Алайда:
-
Аграрлық Түркістан облысында,
-
Маңғыстауда (мұнда ауыл мен мұнай-газ секторындағы табыс айырмасы өте үлкен),
тұтыну шығыны күнкөріс минимумынан небәрі 1,5 есе ғана жоғары.
Көпбалалы болу – экономикалық тәуекелге айналған
Экономист жоғары туу көрсеткіштеріне қатысты да сыни пікір білдірді. Елдегі жоғары бала туу көрсеткіші, әлеуметтік тұрғыдан жақсы жаңалық ретінде қарастырылғанымен, экономикалық тұрғыдан кері әсерге ие:
«Отбасындағы бала саны көбейген сайын, кедейлікке ұрыну қаупі де артады. Себебі табысты бөлісетіндер саны артады, ал әлеуметтік инфрақұрылым бұл салмақты көтере алмай отыр», — дейді Сұлтанов.
Шешім қандай болуы керек?
Экономиканың жай ғана өсуі немесе дәстүрлі әлеуметтік жәрдемақылар кедейлікті түбегейлі шеше алмайды. Экономисттің айтуынша, бұдан былай нақты мақсатты қадамдар қажет:
-
ауылдық жерлерде беймұнай секторында жұмыс орындарын ашу;
-
аймақтық инфрақұрылымды жаңғырту;
-
ауыл тұрғындарына арналған сапалы білім беру мүмкіндіктерін кеңейту.
Билік әзірге кедейлікті қысқартуға уәде беріп келеді, алайда көрсеткіштер өзгеріссіз қалуда. Ең бастысы — сан емес, сапа мен теңдік принципіне негізделген жаңа әлеуметтік-экономикалық саясат қажет.
Фото: Envato.