Қазақтілді контент аз болса – айыппұл салынады: телеарналар мен радиоларға жаңа талаптар

95

Munarmedia.kz 27.06.2025 / Астана /-Қазақстанда қазақ тіліндегі хабар таратуға немқұрайлы қарайтын телеарналар мен радиостанциялар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бастама көтеріп отыр. Жаңа заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылып, 10 шілдеге дейін ұсыныс-пікір қабылданады.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген қолданыстағы норма бойынша, қазақша контент апталық эфир уақытының кемінде 55 пайызын құрауы тиіс. Алайда бүгінге дейін бұл талап тек формалды сипатта қалып отыр — бұзғаны үшін ешқандай жаза қарастырылмаған.

Министрлік әзірлеген өзгерістер топтамасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске тиісті түзетулер енгізуді көздейді. Құжатқа сәйкес:

  • Қазақтілді контент көлемін орындамаған арналар айыппұл төлейтін болады;

  • Сондай-ақ тәуліктік эфир уақытының 20 пайызынан асатын жарнама көлемі үшін де жауапкершілік қарастырылады;

  • Бұған қоса, әлеуметтік желілер мен видеохостингтердегі құқыққа қайшы контент үшін де жеке айыппұл жүйесі енгізіледі.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы отандық онлайн платформаларда 78,5 мыңнан астам заңсыз контент анықталған, алайда олардың тек 24,3 пайызы ғана жойылған. Бұл цифрлар цифрлық кеңістікті бақылау қиындап бара жатқанын көрсетеді.

Құжатта халықаралық тәжірибеге де сүйенген. Мәселен, Еуроодақ елдері, Ұлыбритания мен Оңтүстік Кореяда тілдік және жарнамалық талаптарды бұзғаны үшін миллиондаған еуро көлемінде айыппұл салынып, кей жағдайларда ресурстарға толықтай тосқауыл қойылады.

Қазақстандық бастама — осы үлгіні бейімдеу талпынысы. Билік бұған дейін 2030 жылға дейінгі Тіл саясаты тұжырымдамасын бекіткен еді. Онда:

  • 2029 жылға дейін мемлекеттік телеарналардағы қазақтілді бағдарламалар үлесі 85%-ға дейін артады;

  • Ал ел халқының қазақ тілін меңгеру деңгейі 84% болуы көзделген.

Бұл реформалар тек мәдени-тілдік даму ғана емес, сонымен бірге ақпараттық қауіпсіздік пен ұлттық бірегейлікті нығайту мақсатын да көздейді.

Фото: Envato.