Қазақстанда тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмысы жалғасуда

12

Munarmedia.kz 21.02.2026 /Astana/ – 2025 жылы Қазақстанда 94 елді мекеннің 354 мың тұрғыны табиғи газға қол жеткізді. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді.

Ведомство дерегінше, бүгінде республика бойынша 13 миллионнан астам адам көгілдір отынды пайдаланып отыр. 2025 жылдың басында елдегі газдандыру деңгейі 62,4 пайызды құраса, 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 64,3 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

Министрлік 2026 жылы газдандыру бағытында 40 жобаны іске асыруды көздеп отыр. Нәтижесінде Қазақстанның 10 өңіріндегі ауылдарда тұратын 32 мыңнан астам адам табиғи газға қосылады.

Сонымен қатар, Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральды газ құбырының екінші желісінің құрылысы жалғасуда. 2026 жылдың соңына дейін жылына 10 млрд текше метрге дейін газ тасымалдауға қауқарлы құбырдың желілік бөлігін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, газдандыру қарқынының артуы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.