Қазақстанда халыққа берілген несие көлемі бір жылда қаншаға өсті

23


Munarmedia.kz 05.02.2026 /Астана/ – Қазақстан банктерінің халыққа берген несиелерінің жалпы көлемі 2026 жылдың басында 24,8 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 19,8 пайызға артқан. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар агенттік мәліметінше, несие беру қарқынының баяулауы байқалады. Мәселен, 2024 жылы халықты несиелеу өсімі 23,9 пайыз болған еді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ипотекалық несиелер көлемі 14,6 пайызға өсіп, 6,9 трлн теңгені құрады. Ал тұтынушылық несиелер 21 пайызға артып, 16,7 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы 33,5 пайыздық өсіммен салыстырғанда төмен.

Кепілсіз тұтынушылық несиелеу сегментінде де өсім баяулаған. Егер 2024 жылы бұл бағыттағы өсім 29,3 пайызды құраса, 2025 жылдың қорытындысында 14,5 пайызға дейін төмендеген.

Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы тұтынушылық несиелердің өсуіне автонесиелер айтарлықтай ықпал еткен. Бір жыл ішінде олардың көлемі 42,4 пайызға өсіп, 4 трлн теңгеге жеткен.

2025 жылдың желтоқсанында ұлттық валютадағы несиелер бойынша халық үшін орташа сыйақы мөлшерлемесі 18,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың желтоқсанында 17 пайыз болған.

Сонымен қатар банктердегі жеке тұлғалардың депозиттері де өскен. 2026 жылдың басында олардың көлемі 26,2 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 15,8 пайызға артты. Тек 2025 жылдың желтоқсан айында депозиттер көлемі 6,2 пайызға көбейген.

Munarmedia.kz