Munarmedia.kz 05.02.2026 /Астана/ – Алматы қаласының прокуратурасы мен Yandex Qazaqstan компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды анықтауға және балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Прокуратура мәліметінше, алимент бойынша берешегі бар азаматтардың бір бөлігі ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде цифрлық платформалар арқылы табыс табады. Соның ішінде такси қызметтері де бар.
Мәселен, 2025 жылы осындай 110 дерек анықталған. Соның нәтижесінде:
– 57 борышкерге әкімшілік шаралар қолданылған;
– 10 дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Меморандум аясында тараптар ақпарат алмасып, жасырын табыстарды және алимент берешегін анықтау бойынша өзара іс-қимылды жеделдетуге ниетті.
Әзірге ақпарат алмасудың нақты тетіктері жарияланған жоқ. Сондай-ақ бұл өзгерістер сервис жүргізушілері мен серіктестерінің жұмыс шарттарына әсер ете ме деген сұрақтар да ашық күйінде қалып отыр.
БАҚ өкілдері компаниядан қандай деректер берілуі мүмкін екендігі жөнінде түсініктеме сұратқанымен, жарияланым сәтінде ресми жауап берілмеген.
Munarmedia.kz